24.11.2022, 10:00
Оқылды: 55

Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу – ұлы мақсат

Адал ұрпақ тәрбиелеу, қай уақытта болса да, мән-маңызын жоғалтпаған құндылық. Халқының мүддесін қара басынан артық қоятын, адалдық, бауырмалдық, адамгершілік сынды асыл қасиеттерді бойына жинай білген ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу – барлығымыздың борышымыз.

IMG-20221124-WA0002

Болашақ ұрпағымызға тәрбие және білім берумен шектеліп қана қоймай, адалдыққа, еңбекқорлыққа да үйретуіміз керек. Өскелең ұрпақ сыбайлас жемқорлықтан аулақ болуы үшін мектеп қабырғасынан бастап тәрбиені осы бағытта беру маңызды. Бүгінде білім беру мекемелері осы қағиданы ескеріп, оқушылар бойында әділдік һәм адалдық қасиеттерін қалыптастыру мақсатында жаңа жобалар жүргізуде. Осы бағытта мектеп оқушылары арасында сыбайлас жемқорлыққа «Мүлдем төзбеушілік» қағидатын қалыптастыру аясында республика мектептерінде «Адал ұрпақ» еріктілер клубы жобасы жұмысын бастаған болатын. Қазіргі таңда «Адал ұрпақ» клубының мүшелері жүйелі түрде түрлі іс-шаралар атқаруда.

Дарынды балаларға арналған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық мамандандырылған мектеп-лицей интернатының жанындағы «Адал ұрпақ» клубының төрайымы, Батыс Қазақстан облысы балалар омбудсмені, 11-сынып оқушысы Альмира Хайырлиева мектеп оқушыларына бала құқығының маңыздылығын атап, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ «Қоғамдық тәртіп негіздері» тақырыбындағы дебат тартысты өтті.

IMG-20221124-WA0003

«Қазақстан – құқықтық мемлекет» айлығы аясында өткізілген «Менің құқықтық алаңым» топтық интеллектуалды ойыны да өзіндік ерекшелігімен жасөспірімдер бойына адалдық құндылығын сіңіруге ықпал етті. Мектептердегі «Сатушысыз дүкен» жобасы да қазір қалыпты жағдайға айналғандай. «Bookcrossing» кітап алмасу жобасы аясында кітап толы сөрелер жасақталды. Онда әрбір адам өзі оқыған кітабын өзге кітаппен алмастыра алады. Мектеп өміріндегі еріктілердің жасап жүрген ісіне ұстаздары дән риза. Оқушыларды қоғам өміріне белсенді араласуға шақыру, азаматтық жауапкершілікті сезінуге, өз ойын ашық әрі еркін білдіруге тәрбиелеу, жанашыр, қамқор, патриот тұлға қалыптастыру мақсатында жыл сайын мектебіміздің еріктілері әлеуметтік, экологиялық бағыттағы акция, жобаларға мұрындық болып, облыстық, қалалық, мектепішілік іс-шараларға қатысады. Қаламызда ерікті оқушылардың басын тоғыстырған «Qadam» қоғамдық бірлестігі қаламыздың экологиясына үлес қосу, әлеуметтік қолдауды қажет ететін жандарға қолұшын созу мақсатында құрылған болатын. Бірлестікке мүше 10-сынып оқушыларының бастамасымен әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы төмен және ерекше қажеттілікті талап ететін балаларға көмек беру мақсатында «Бақытты балалық шақ сыйла» қамқорлық акциясын ұйымдастырды. Акцияға  мектебіміздің ұстаздары мен ата-аналары, қала тұрғындары қаржылай аударымдар жасап, қолдау көрсетті. Нәтижесінде екі күн ішінде қорға жиналған қаражатқа еріктілер киім-кешек пен түрлі ойыншықтар, қажетті құрал-жабдық сатып алып, қаламыздағы балалар үйінің тәрбиеленушілері мен мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндерге тарту етті.  «Берсең, балаға бер» деген текті халықтың ұрпағы ретінде жылу мен қолдауға зәру балаларды назардан тыс қалдырмай, баршамызды айналамызға мейірім шуағын төгуге шақырған еріктілеріміздің сауапты ісі көпке үлгі болары сөзсіз.

Облыстық «Мейірбандық күндері» айлығының шеңберінде мектебімізде «Қамқорлық бізден» акциясы ұйымдастырылды. Өзара қолдау мен жанашырлық көрсетуді мақсат еткен акция аясында оқушыларымыз  белсенді әрі ерікті түрде арнайы қораптарға алма, апельсин әкеліп салып, жиналған жемістерді шаһарымыздың тазалығын қадағалаушы «Орал таза сервис» ЖШС қызметкерлеріне және мүмкіндігі шектеулі жандарға таратып берді. Адам ағзасы дәруменді қажет ететін күз мезгілінде ұйымдастырылған мұндай игі істі жақсы бастама деп есептейміз. Сонымен қатар облыс көлемінде өткен  «Ресурстарды жина да, тапсыр» акциясын мектебіміздің еріктілері назардан қалыс қалдырмады. Акция аясында мектебімізде қағаз түріндегі қоқыстар жинайтын «Eco-бұрыш» жабдықталды. Нәтижесінде жиналған 70 келі (4 қапшық) қағаз қайта  өңдеуге (макулатураға) тапсырылды.

Осындай іс-шаралар арқылы жастайынан баланың санасына жанашырлық, қамқорлық, тазалық, жауапкершілік, патриотизм, Отанға деген сүйіспеншілік қағидаттарын сіңіретін болсақ, есейген кезде оның бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитет қалыптаспақ. Демек, «Адал ұрпақ» еріктілер клубы да өз жұмысының нәтижесін беретіні анық.

Динара Мақсотова,

дарынды балаларға арналған С.Сейфуллин атындағы 

№11 облыстық мамандандырылған

 мектеп-лицей-интернатының ұйымдастырушы-педагогі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале