Батыс Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Ерболат Оңғарбек, Айдын Камзин, Бижан Нұрқатов, Анвархон Торахановқа қатысты үкімді өзгертті. Ал Мейрамбек Байгутиев, Миржан Арыстанов, НұрбергенЖұмағұлов және Мәлік Ержановқа қатысты сот үкімін өзгеріссіз қалдырды. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлады.
Фото дереккөзі: Egemen.kz
Кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланғандай, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстары филиалдарында басшылық қызмет атқарған Ерболат Оңғарбек қызмет бабын пайдаланған. Ол филиал маманы Бижан Нұрқатов, кәсіпкер Анвархон Тораханов және «Урал» шаруа қожалығының басшысы Айдын Қамзинмен бірге аса ірі көлемде қаржы жымқырған. Ал шаруа қожалықтарының басшылары – Миржан Арыстанов, Нұрберген Жұмағұлов, Мәлік Ержанов, Мейрамбек Байгутиев Е. Оңғарбектің ықпалымен «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалы және «Ақжайық Агро» несие серіктестігі арқылы заңсыз несие алған. Олардың заңсыз іс-әрекеттері мемлекетке 600 млн теңгеден астам көлемде залал келтірді.
Биылғы сәуірдің 29-ында Орал қалалық сотының үкімімен Е. Оңғарбек ҚР Қылмыстық кодексінің 361-бабының («лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану») 4-бөлігі 3-тармағы, 189-бабы («сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу») 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша сотталды. Б. Нұрқатов, А. Камзин, А. Тораханов ҚК-ның 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағына сай әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды. Ал М. Байгутиев, Н. Жұмағұлов, М. Ержанов, М. Арыстанов ҚК-ның 219-бабының («кредиттi заңсыз алу немесе бюджеттік кредитті мақсатсыз пайдалану») 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды және ҚК-ның 71-бабы 1-бөлігінің 2-тармағын негізге ала отырып, қуыным мерзімінің өтуіне байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылды.
Апелляциялық шағым жазған жәбірленушілер сотталғандарға жазаны күшейтуді сұрады. Ал бас бостандығынан айыру жазасына кесілгендер мен олардың қорғаушылары сотталушылардың әрекеттерінде қылмыс құрамының болмауына байланысты ақтау үкімін шығаруды сұрады.
Қарашаның 21-інде осы іске қатысты үкім жарияланды. Сот алқасы іс материалдарын зерделей келе, жәбірленушілер – «КТ Ақжайық-Агро» ЖШС мен «АНК» АҚ-ның апелляциялық шағымдары негізінде қайта қойған талаптарын мақұлдамады. Сотталған А. Тораханов пен адвокат А. Қарасаеваның шағымын қанағаттандырды. Сотталғандар – Б. Нұрқатов, Е. Оңғарбек, адвокаттар – Б. Бегеев, Д. Искаков, Р. Шагатаев, Н. Нұрқатовтың қорғаушысының апелляциялық шағымдары ішінара қанағаттандырылды. Орал қалалық сотының 2022 жылғы 29 сәуірдегі үкімінің М. Байгутиев, М. Арыстанов, Н. Жұмағұлов және М. Ержановқа қатысты бөлігі өзгертілді.
А. Камзин мен А. Торахановтың әрекеттері Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағынан аталмыш кодекстің 219-бабының 1-бабына, Б. Нұрқатовтың әрекеті («Hyla» ЖК, «Орал» ШҚ эпизодтары бойынша) ҚК-ның 28-бабының 5-бөлігі, 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағынан ҚК-ның 28-бабы 5-бөлігі, 219-баптың 1-бөлігіне қайта сараланған. Ал А. Камзин, А. Тораханов, Б. Нұрқатов ҚК-ның 71-бабының 1-бөлігі 2-тармағы негізінде қуыным мерзімінің өтуіне байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылды.
Сотталғандардан жәбірленушілерге мәжбүрлі түрде өндіріп алынған өтемақы мөлшері де өзгерді. А. Камзиннің өтемақысы 25 250 теңгеге дейін (2019 жылы 10 АЕК), А. Тораханов пен Б.Нұрқатовтың әрқайсысынан 27 780 теңгеге (2020 жылы 10 АЕК) дейін төмендетілді.
А.Камзин, А.Тораханов және Б.Нұрқатовты қамаудан дереу босатуға үкім шықты. Е. Оңғарбектің іс-әрекеті («Hyla» ЖК, «Орал» ШҚ эпизодтары бойынша) ҚК-ның 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағынан 219-бабының 1-бөлігіне қайта сараланды. Е. Оңғарбекке ҚК-ның 361-бабы 4-бөлігінің 3-тармағы бойынша («Riko Servis» ЖШС, «Хаирова К.Ж.» ЖК, «Hyla» ЖК, «Орал» ШҚ эпизоттары) айып тағылып, 4 жыл 8 айға үкім кесілді. Ол мемлекеттік қызметте және басқа құрылымдарда лауазымды қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды. Е. Оңғарбек жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық атқару жүйесі мекемесінде өтейді.
Сот үкімі 21 қарашада жарияланған күннен бастап күшіне енді.
Ясипа Рахимқызы,
zhaikpress.kz