Облыс әкімі бастап, тиісті құрылым басшылары қостап ауылдарға барып, жергілікті тұрғындармен жүздесіп, мәселелерін тыңдап, ұсыныс-пікірлеріне назар аударып жүргені қуантады.
Бұл туралы облыс әкімінің Көшім ауылдық округі тұрғындарымен кездесу кезінде алғашқы болып сауалын жолдаған, ардагер-ұстаз Валентина Леонтева айтты.
Ол өңір басшысына ЖСҚ-сы дайын тұрған ауыл клубы келесі жылдан қалмай салына ма, округ жолдары асфальтала ма деген сұрақтарын қойды. Сонымен қатар Оралдағы теміржол вокзалынан перонға шығу орталық кіре беріс есіктен емес, тунель арқылы жүргізілетін айтты. Тунельге түсіп, көтерілу көпшілікке қиындық туғызады. Оның үстіне баспалдақтар тайғақ, ыңғайсыз. Бұл туралы әлеуметтік желіге де жазған. Оралдағы танымал, белсенді адамдар өте орынды мәселе екенін айтқан. Жалпы мұндай жағдай еліміз бойынша тек Оралда екенін жеткізген Валентина Семеновна әкімнің осы мәселеге де назар аударуын сұрады.
– Валентина Семеновна сұрақтарыңыз үшін рахмет. Бірінші клуб пен жолды айта кетейін. Бәйтерек бойынша бұл бағытта көп жұмыс жасалып жатыр. Жаңа аудан әкімінің міндетін атқарушы баяндағандай, қаншама жол, газ бен су құбырлары тартылған, мектептер салынып, күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Бізде де әр ауданға байланысты лимид бар. Негізінен бұл бағыттағы жұмыстарды аудан әкімдігі айқындайды. Лимид аясында қайсына басымдық беретінін солар шешеді. Ең бастысы, жобалық-сметалық құжаттама сапалы дайындалуы тиіс. Мен аудандарға барған сайын айтып жүрмін, егер ЖСҚ сапасыз болса, нысан қаншалықты маңызды болса да біз оған қолдау білдіре алмаймыз. Иә, жол да, клуб та маңызды. Дегенмен де олардың бәріне бірдей қаржы жетіспейтінін өздеріңіз де жақсы білесіздер. Бюджеттің жағдайына қарап, лимид шеңберінде құрылыстар жүргізіп жатырмыз. Оның ішінде басы артық нысан жоқ. Темір жол вокзалына келсек, бұл мәселені білеміз. Еліміздің барлық вокзалында перонға орталық есік арқылы шықпайды. Дегенмен де бұл мәселені мен өзіме түртіп алдым, «Қазақстан темір жолы» АҚ басшыларымен кездескенде айтамын. Жалпы аталмыш компаниямен вокзалды күрделі жөндеуден өткізу туралы келіссөздер жүргізудеміз. Жолаушыларға ыңғайлы жағдайды қалыптастыру жайын да сөйлесетін боламыз.
Үлкен Шаған ауылының байырғы тұрғыны, зейнеткер Сағидолла Айбатов та мұндай кездесу билік пен халық арасында жақындата түсетінін айтты. «Ауылымыздың жағдайы жақсы. Ауылымыз қаланың маңында, тас жолдың бойында орналасқан. Су, свет, газ келіп тұр. Тәртіп жақсы,-деді ол.-Менің айтын дегенім су сапасы туралы. Үш-төрт жыл бұрын ауылымызға су құбыры тартылды. Біз сапалы су келді деп қуанып едік. Ол қуанышымыз ұзаққа бармады. Суымыз таза емес. Ішуге жарамай тұр. Фильтріміз 3-4 күннің ішінде қап-қара болып шығады. Соңғы кезде ауылымызға келіп, әр үйге бөлек фильтр қоятындар шықты. Бағысы 300-400 мың теңге. Оған барлық тұрғынының мүмкіндігі жоқ. Сол себепті ауылдағы орталықтандырылған су жүйесіне неге фильтр қоймасқа деген ой туындайды. Оны ауыл тұрғындары өздігінен шеше алмайды. Ауыл тұрғындары үшін ортақ бұл мәселеге да назар аударуыңызды сұраймын».
Өңір басшы бұл су желісіне «Қазсушар» мекемесіне қатысты екенін айтып, мұны өзі де жазып алғанын жеткізіп, бұл сауалға байланысты жауап жеткізілетін айтты.
Виктор Железнов ауылда тұрмыстық қызмет көрсетуді дамыту туралы ұсыныс айтты. Оның сөзіне қарағанда, қазір ауылдардың жағдайы жаман емес. Тұрғындардың бәрінің дерлік үйінде теледидар, кір жуу машинасы, қысқа толқынды пеш бар. Олар істен шықса, біреуі қалаға тасиды, екіншісі ауылда қолында ебі бар адамды іздейді. Одан бөлек салынып жатқан үйлер де біраз. Оларға свет тарту үшін де маман керек. Ауыл тазалығы да бір түйіткіл. «Ауыл тазалығы аула тазалығынан басталады емес пе,-деді ол.- Мысалы маған ауламдағы көң-қоқысты шығару үшін техника керек. Егер осындай қызметі бар орталық болса, мен өзгелерге жалынбай-ақ, соларға тапсырыс беремін ғой. Біреулерге ол ұсақ-түйек болып көрінгенмен, астарына үңілсек, бұл бір өзекті мәселе. Ауылдарда, әсіресе аудан орталығында осы бағыттағы қызметтерді дамыту керек. Ол үші инвестиция ма, әлде мемлекеттік қолдау шараларын да қарастырған жөн деп ойлаймын».
– Қазір біз осы бағыттағы бір сервистік компанияның жобасын қарастырып жатырмыз. Ол негізінен су, электр желілерін тартумен, шағын жөндеу жұмыстарымен айналысуды жоспарлап отыр. Тек аудан орталығында емес, ауылдара да қызмет көрсеткісі келеді. Жақын шетелде мұндай қызметтер жұмыс істеуде. Ауыл тазалығы жөнінде сөз қозғалғанда мен Тасқала ауданын мысалға келтіремін. Аталмыш аудан орталығында мусор контейнері жоқ. Тұрғындар қатты қалдықтарды пакетке салып, ит шашып тастамасын деп іліп қояды. Тиісті құрылымдар апатасына екі рет шығып, ол пакеттерді жинап алады. Округ әкімдері ауыл тазалығына келгенде тұрғындармен келісіп осындай жүйе жасауларына болады ғой,- деді Ғали Есқалиев.
Жалпы кездесу барысында оннан аса тұрғын тарапынан түрлі сұрақтар қойылды. Өңір басшысы, құзырлы құрылым өкілдері олардың басым бөлігіне жауап берді. Орын алған олқылықтар жойылатын болды. Түрлі себептерге байланысты жауап беру мүмкін болмағандарға көп кешікпей нақты жауап жолданатын болды.
Кездесуден соң облыс әкімі, облыстық басқарма басшылары ауыл тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Сәкен Мұратұлы,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz