Облыстық мәслихатта «AMANAT» партиясы облыстық филиалының кезектен тыс ХХХ конференциясы өтті. Күн тәртібі бойынша партияның облыстық филиалы атқарған жұмысы және алдағы міндеттері туралы баяндама тыңдалып, филиал төрағасын төрағалықтан босату және «AMANAT» партиясы облыстық филиалы саяси кеңесінің құрамына қатысты өзгерістер қаралды.
Отырыста алғаш сөз алған «AMANAT» Батыс Қазақстан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Мұрат Мұқаев партияның облыстық филиалы атқарған жұмысы және алдағы міндеттері туралы қысқаша баяндама жасады. Мұрат Рахметұлы партия 10 айда біраз жұмыс тындырғанын ерекше атап өтті. Әсіресе, партиялық бақылау, қоғамдық қабылдау бөлмесі тиімді жұмыс істеген.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «AMANAT» партиясының барлық деңгейдегі филиалдарының төрағаларын төрағалық лауазымынан босату туралы тапсырмасына сәйкес, облыс әкімі төраға лауазымынан босатылды. Ғали Нәжімеденұлы жиынға қатысушыларға ризашылығын білдіріп, партия мүшесі болып қала беретінін жеткізді. Содан соң «AMANAT» партиясы облыстық филиалының саяси кеңесінің құрамынан Ғ. Есқалиев шығарылды. Конференция соңында қатысушылар облыс әкімі Ғали Есқалиевке бірлесе атқарған жұмыс үшін алғыс білдірді.
Түгелбай Кенжеғалиұлы,
zhaikpress.kz