1.12.2022, 10:31
Оқылды: 74

Еламан ағаның әңгімесі

Таң бозарып атысымен әкем өзі жасаған арбасына торы атын жегіп, оған бөшке-бетонын, әйтеуір, үйдегі бос ыдыстың бәрін салып алыпты. Мен «Кімнің құдығына?» дегенімше, өзі айтып үлгерді. «Кеше Алпыс пен Үмбетқалидың құдығында кезек көп болды, тіпті соңғы келгендерге су жетпей қалды. Бүгін ертерек баруымыз керек», – деп нығырлады сөзін мені қасына отырғызып жатып.  

da467b71-4203-40a1-902e-ecf5b4966328

...Бұл – күнделікті тіршілік. Кеңшар тарағалы аудан орталығынан құбырмен келіп тұрған Тышқантайдың суы тоқтап, ауыл адамдары айналадағы қолмен қазылған құдықтарды жағалап кеткен кез. Бізді көрген сондай құдық иесінің бірі Еламан ағай: «Ассалаумағалейкум, құда!» деп қолындағы кілтін ұсынды. Әкелген ыдыстарымызды толтырып бола берген кезде бағанадан бері әкемнің «төрт доңғалағына» көз салып тұрған Елақаң: «Мына арбаны өзіңіз жасадыңыз ба, Елақа?» деді. Әкем Елжас Халелов келісті «көлігінің» жасалу тарихын тарқата баяндап берді. Сол-ақ екен, екеуара әңгіме тиегі ағытылып жүре берді. Соны ақ қағаз бетіне түсірудің сәті енді келгендей...

– Мен 1948 жылы бірінші сыныпқа ілігіп, «Жаңабағыт» колхозының мектебіне жаяу барып оқыдым. Қысқы боранда балалар адасып кетпес үшін үлкендер қамысты буып, қалың қарға жиі-жиі шаншып қоятын. Ұлмекен Нәжімеденқызы мен Жолдығали Ысқақов, тағы басқа ауыл балалары сол қамысты жағалап жүріп,  жаяулап-жалпылап бірінші сыныпты бітірдік. Келер жылы Шөмішкөлге көшіп, енді сабаққа таң қараңғысында шығатын болдық. Жолшыбай жылынып алу ниетімен Ақымғали ағайдың үйіне кіріп, Қазиза апайдың шайын ішетінбіз, – деп бастады сонда сөзін Еламан ағай. – Жоқ-жітік уақыт қой, әкем Есеш қой бағатын. Бірде өкпесіне салқын тигізіп, төсек тартып жатып қалды. Үй шаруасына қарайласу үшін сабақтан біржола қол үздім. Бірқыдыру уақыт Құлымбай атама да көмекші шопан болдым.

1953 жылы «Жаңабағыт», «Сталин жолы», «Киров», «Крупская» және «Сәуле» колхоздары бірігіп, «Сталин жо-лы» колхозы құрылды. Соның ізінде 1957 жылы «Қалдығайты» совхозы шаңырақ көтерді. Айтпақшы, 1950 жылдардың басында ауылға «У-2» аталатын трактор келіп, Талып, Нұрғай ағайлар мен Күләмза, Клара, Салиха апайлардың алғашқы болып темір-тұлпар тізгіндегені де есімде. Бұл  енді бұрын шөпті қолмен шауып келген колхозшыларға үлкен  жеңілдік болды. Кейіннен «ДТ-54» пен кабинасы жоқ «Беларусь» тракторлары келді. Елімізде тың игеру басталып, біздің ауылға жіберілген Дергенов (есімін ұмыттым) деген орысқа Қарасаев Камал ағаның жолдасы Ақбәлеш екеумізді тіркемеші етіп қойды. Бәрі-бәрі күні бүгінгідей көз алдымда.

Иә, қарапайым еңбегімен ел құрметіне бөленген жерлес ағам Еламан Есешұлының өткен өмір жолы көпке өнеге. Туған топырағында айшықты қолтаңбасы қалған нағыз еңбекторысы. Мақтау-марапаттары өз алдына бір төбе. Өңірінде Еңбек Қызыл Ту ордені мен бірнеше мерекелік медаль жарқырайды. Сүйікті жары Майра апай екеуінің бауырынан өрген 12 ұл-қызы да өмірден өз орындарын тапты. Қазіргі күні сексеннің сеңгіріне шыққан қария Орал қаласында тұрады. Әкеммен қанаттас жүрген, жаны ізгі-лікке толы осынау азаматты көрсем, сағынышқа айналған сағым жылдар көз алдымнан тізбектеліп өте береді. Ортамызды толтырып, сіздер аман жүріңдерші, жақсы ағалар!

Рафхат Халелов,  

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

Орал қаласы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале