2.12.2022, 23:43
Оқылды: 38

Өңір өркениетінің сардары

Ананың тар құрсағын кеңітіп, өмірге шыр ете келген адам баласының тағдыры сан түрленеді. Сәби кезеңнен балалық шаққа, балалықтан жасөспірім уақытқа дейін ата-ананың қамқорлығында болып, қанатымыз әлсіз болары сөзсіз. Кейін бозбала шаққа жетіп, оқу оқып, алған біліміңізді еңбек жолында сарп етесіз. Қамшының сабындай қысқа ғана өмірді мәнді де сәнді, ғибратты қылып сүру өзіңізге ғана тәуелді болмақ.

004A8754-A837-4666-8F84-34D7AF4E1EAB

«Менің екі шағын Отаным бар» деген Жайсаң Ақбай ақсақалдың да тағдыры қос ауданның перзенті қылды. Сонау жиырмасыншы ғасырдың 27-ші жылында, 9 мамырда Сырым ауданына қарасты Шағырлыой ауылында дүниеге келген Жайсаң ақсақал білім алып, оқу тоқыған соң еңбек жолын Фурманов ауданы Фурманов орта мектебінде тарих пәнінің мұғалімі болып бастады.

Содан кейін 1962-1971 жылдары партия-кеңес органдарында, 1971-1987 жылдары облыстық мәдениет басқармасының бастығы, 1987-1997 жылдары Қазақ мәдениет қоры облыс бөлімшесінің жетекшісі қызметтерін атқарды.

Алты алашқа тарихшы, өлкетанушы, жазушы ретінде белгілі ақсақалды Казталов ауданының жұртшылығы құрметтеп, 95 жыл мерейтойына орай сырлы сұхбатты, сазды кеш ұйымдастырды.

1281BFCC-B6D5-4C77-8D89-FEEB88C9F86C

Бүгін Жайсаң Досболатұлын аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айша Әбішева, Жалпақтал ауылдық округінің әкімі Әлия Жақсыбаева ерекше сән салтанатымен қарсы алып, еңбек жолы бастау алған қара шаңырақ Ғ.Молдашев атындағы орта жалпы білім беретін мектебіне (ол кезде Фурманов орта мектебі) бет алды. Өткен ғасырдағы естеліктер жүрегін жібіткен ақсақал заманауи мектепті көрген сәтінде көзіне еріксіз жас алды. Мұндағы тәтті естеліктер, өткенге сағыныш қызметіне адал азаматты тосып тұрғандай еді. Өйткені айтулы білім ордасында 2019 жылы Жайсаң Ақбай атындағы «Өлкетану сыныбы» ашылған болса, өңіріміз бойынша 4-ші мектеп-мұражай болып саналатын тарихи-өлкетану мұражайында ақсақалға арналған арнайы бұрыш пен заманынан сыр шертер мұралар бар.

– Менің екі шағын Отаным бар. Бірі туған жерім, кіндік қаным тамған Сырым елі болса, екіншісі – Жалпақтал өңірі. Бұл екеуін мен тең қоямын. Бұл өңірде мен 1950 жылы еңбек жолымды бастап, 21 жыл әр салада қызмет атқардым. Соның ішінде ең маңыздысы 11 жыл ғұмырымды білім беру саласына арнадым. Мектепте қызмет ету мен үшін өмірлік сабақ болды. Қызметтес болған ұстаздар, біліммен сусындаған шәкірттердің әрқайсысы мен үшін ыстық. Мен үшін жас ұрпаққа білім беріп, тәрбиелеуден асқан дүние жоқ, - деген ұлағатты ұстаз өзі басшылық еткен мектептің жас білім алушыларымен кездесті.

279EAF6C-95BD-4BCB-A580-0C7731370BD2

Ұрпақтар сабақтастығын жалғаған жас буын ғасыр тұлғасының туындыларын қалың көпшілікке таныстырып, кітаптар шерткен сырмен бөлісті. Ғұмырлы жазушы жас ұрпаққа сенім артып, аталық ақ батасын берді.

Жайсаң Досболатұлының өмірі және шығармашылығымен таныс мектептің 9 сынып оқушысы Айкүн Серікқалиқызы өз пікірімен бөлісті.

2F9D7818-5985-40DB-A51B-38B880D80AE1

– Жайық бойында есімі көпке мәлім болған Жайсаң атамыздың 200-дей шығармалары әдебиет пен мәдениетке, тарих пен туризмнің, өлкентанудың әр қырына арналған құнды жинақтар. Зейнетке шыққаннан бергі 35 жыл ішінде 35 туындысын өміршең етуі уақыт пен қажырлықты талап етеді. Адам өткеніне қарап: «Мен не бітірдім, не істей алдым, неге жеттім?» деген сауалдарға жауап іздесе, Жайсаң Ақбай атамыз өзінің ізгі жолы мен қолтаңбасын ұрпаққа мұра етер бірегей тұлға, жарқын жан. Осындай кемеңгер тұлғаның ғұмыры мен шығармашылығы біздей ұрпаққа мұра, өнеге, - деді ол.

39A685E3-9385-4751-AC5A-05AE57167EC9

Өлкетанушы Ғ.Молдашев атындағы орта жалпы білім беретін мектебінің тыныс-тіршілігімен танысып, шәкірттері әзірлеген көрмелерден хабар алып, ризашылығын білдірді. Сонымен қатар, мектептің мұражайы мен кітапхана қорына өзінің құнды жинақтарын, Қадыр Мырза Әлінің шығармаларын табыс етті. Қонағына ерекше ілтипат көрсететұғын халықтың ізгі әдеті ұмыт болсын ба, мектеп директоры Мәншүк Жексенова Жайсаң атамызға естелік сыйлық тарту етсе, мектеп парламентінің жас президенті, суретші Бейбарыс Сағынгереев кемеңгер тұлғаның портретін табыстады. Сәні мен салтанаты келіскен білім ошағында Жайсаң атамыздың қолтаңбасы мен ақ батасы қалды.

Өмірін білім мен ғылымға, мәдениетке арнаған руханият жанашырына арналған іс-шара Жалпақтал мәдениет үйінде «Өңір өркениетінің сардары» атты кешпен жалғасын тапты. Сахна төрінде сыр шерткен кеш иесі екінші Отанына сағынышын жеткізіп, ризашылығын білдірді.

F8FA1C85-C6A0-4158-8A0B-B51D05A80596

– Жалпақтал мен үшін ыстық мекен. Бүгін халықпен жүздесіп, ерекше әсер алдым. Заманға сай жөнделген мектепте болып, жұмысымен таныстым. Оқушылар мен ұстаздар үшін жағдай жасалғандығын көріп, балаша қуандым. Бүгінгі кеште айтылған әңгімелер, естеліктер негізді дүние. Менің Жалпақталдың рухани әлемінде қызмет еткен 21 жылдағы белестерім көз алдыма қайта оралды. Мен еш уақытта Жалпақталды назарымнан тыс қалдырмадым. Халқының да мені ұмыт қалдырмағанына ризамын. Жалпақтал ауылы әдебиетімен, мәдениетімен, өркениетімен, табиғатымен ерекшеленіп тұрады. Бұл жерде дүниеге келген перзенттердің бірі ғалым, бірі өнер майталманы, бірі спортшы, бірі лауазымды тұлға. Ең бастысы бұл аймаққа мен «Рухани өңір» деген баға берер едім, - деді Жайсаң Досболатұлы.

D24E4B84-726D-450F-896C-93D071FE7947

Рухани кеште аудан әкімінің орынбасары Ғаділбек Әлібекұлы сөз алып, дана қарияны мерейлі жасымен құттықтап, аудан әкімінің алғысхаты мен естелік сыйлығын табыс етіп, шапан жауып, аудан жұртшылығы атынан тұлпар мінгізді.

Киелі сахна төрінде БҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысының орынбасары Қуанышбек Мұханғалиев, Жалпақтал ауылдық округінің әкімі Әлия Жақсыбаева мен Уәлиолла Әбішев, Кәрім Өтеғұлов, Нағым Ризуанов, Ғилым Едекешов, Баян Қабиева, Болат Бекешов сынды ел ағалары мен аналары, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Самал Жангереева, Ғ.Молдашев атындағы ОЖББМ-нің директоры Мәншүк Жексенова, К.Мендалиев атындағы ОЖББМ-нің директоры Салтанат Өтеғұлова кештің себепкеріне жылы лебіздерін білдіріп, сыйларын тарту етсе, жеке кәсіпкер Самат Хасанов ер қанаты ат мінгізді.

A6EF4549-48FB-4FD3-85B9-EF015F4E21FE

DD5DE5FA-7B13-4E3D-B9F5-3ACCBEADDB98

«Ауызын ашса жүрегі көрінетін» қазақтың кеңпейілділігі Жайсаң ақсақалдың да бойынан табылып, аудан әкімі сыйға тартқан шапанды «киіп тоздырмайын, мұра боп қалсын» деп, Ғ.Молдашев атындағы орта жалпы білім беретін мектебінің мұражай қорына табыстады.

223FD0B2-5E67-4460-9C8F-7DF3FF934620

Жайсаң Ақбай зейнетке шыққаннан кейін де жазумен айналысты. Оның «Ақ Жайық ырғақтары», «Хан Жәңгір», «Ақ Жайық шұғыласы», «Сырым тағдыры – ел тағдыры», «Жанша» сынды туындылары қалың оқырманға таныс. Жалпақталдың перзентімін деген тұлғаның өмірі мен еңбегі, тағылымы мол шығармашылығы келер ұрпаққа таптырмас мұра болып қалмақ.

Асылбек Нәсіпқали

Суреттерді түсірген: Қыдыр Харесұлы

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале