6.12.2022, 11:15
Оқылды: 38

Плей-офф кезеңі басталды

Футболдан әлем біріншілігінің плей-офф кезеңі басталды. Жарыс алдында өз тобында көш бастауға қауқарлы деген Бельгия мен Германия аяқдопшылары топтық кезеңнен әрі аса алмады.

6

Фото дереккөзі: vedomosti.ru

Осы күні 1/8 ойындары басталды. Плей-офф кезеңінің бірінші сатысының алғашқы жұбын Нидерланд пен АҚШ құрамалары құрады. Алғашқы ойында сүреңсіздеу көрінген қызғалдақты елдің ойыншылары бабына келе бастағандай. Өйткені Англияның өзін састырған америкалық жігіттерді бұйым көрмеді. 3:1 есебімен АҚШ құрамасын оңай жеңген Нидерланд футболшылары 1/4 кезеңге алғаш болып жолдама иеленді. Ал топтық кезеңнің ең үлкен сенсациясын тіркеп, Сауд Арабиясынан жеңілген Аргентина бұл кезеңде Аустралия командасымен кездесті. Месси мен оның достары қарсыластарын 2:1 есебімен жеңіп, ширек финалда Нидерландыға қарсылас атанды. Ал 1/8 финалында Францияға қарсылас атанған Польша құрамасы айтарлықтай қарсылық көрсете қоймады. Ойын есебі – 3:1, Франция келесі кезеңде. 1/4 финал ойынының ең үлкен афишасы Франция мен Англия текетіресі болғалы тұр. Өйткені бұған дейінгі кезеңде 3:0 есебімен Сенегалды тас-талқан еткен ағылшындар ширек финалда француздармен  кездеседі.

Ал Жапония мен Хорватия, Бразилия мен Оңтүстік Корея, Марокко мен Испания және Португалия мен Швейцария 1/8 финалының келесі жұптарын құрады. Бұл ретте Марокконың осы кезеңге өткені қуантады. Бельгияны қапы қалдырған Хаким Зиеш пен оның командасы қарқын алған Испанияға қаншалықты қарсылық көрсете алар екен деген сауал көпті мазалауда. Германияның өзін сан соқтырған жапондар мен Уругвай, Гана сынды жұлдыздардан құралған құрамаларды артқа тастаған Оңтүстік Кореяның тілеуін тілейтіндер де көп секілді. Қалай болғанда да, доп домалақ, алаң тегіс, шөп жасыл. Барлығын ойын  көрсетеді.

Франция құрамасының ойыншысы Килиан Мбаппенің қарқыны қатты. 5 гол соғып, екі нәтижелі пас шығарған үш жолақты ел құрамасының серкесі үздік ойыншылар тізімін бастап келеді. Испандық Альваро Мората мен ағылшын Букайо Сака да одан қалыспауға тырысады. Тағы бір ағылшын Харри Кейн де статистикасын жөндеп, әлем чемпионатының үздігі атансам деген ойынан оңай айни қоймасы анық. Сондықтан тек басты трофей үшін ғана емес, үздік ойыншы атану үшін де жасыл алаңда майдан жалғасуда.

Түгелбай Бисен,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале