7.12.2022, 11:00
Оқылды: 81

Батыс Қазақстан облысында перспективті ауылдар іріктелді

Батыс Қазақстан облысында перспективті ауылдар іріктелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

1

БҚО стратегия және экономикалық даму басқармасының басшысы Медет Айдынғалиевтің Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, облыста барлығы 416 елді мекенде 313,8 мың адам тұрады.

Оның сөзіне қарағанда, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 223 перспективті ауыл (соның ішінде 78-і – тіректі, 35-і – стратегиялық маңызды шекара маңындағы ауылдар) іріктелген, бұлардағы халық саны – 277,1 мың адам.

Аталмыш жоба аясында 2022 жылы ауылдарды жаңғыртуға бағытталған 48 жобаны жүзеге асыруға 7,8 млрд теңге бөлінді

Биыл жобалармен 31 перспективті ауыл (82,7 мың адам) немесе ауыл тұрғындарының 27,4 пайызы қамтылды.

М.Айдынғалиевтің айтуынша, көліктік инфрақұрылым саласында 19 жобаға 2,6 млрд теңге қаралды. 1 қарашадағы мәлімет бойынша 2,1 млрд теңге (94 пайыз) игеріліп, Жәнібек ауданындағы Жәнібек, Казталовтағы Казталов, Жалпақтал, Бөрлідегі Бөрлі, Приурал ауылдарында 17,5 шақырым ауылішілік жолдар жөнделді.

Сол секілді әлеуметтік салада 27 жобаға берілген 5,1 млрд теңгенің 3,3 млрд теңгесі (66 пайыз) игерілді. Бұл қаржыға аудандардағы негізінен ауылдық клубтар мен мектептер, спорт нысандарын жөндеу жұмыстары жүргізілді. Олардың бірқатарында күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда.

Абаттандыру саласында Ақжайық ауданындағы екі көшені жарықтандыруға 49 млн теңге жұмсалды.

Жобаларды жүзеге асыру барысында 307 жұмыс орны ашылды.

«Алдағы жылы 28 перспективті ауылда 45 жобаны жүзеге асыру үшін 7,5 млрд теңге (2,2 млрд теңге – республикалық, 5,4 млрд теңге – жергілікті бюджеттен) қаралатын болады. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауылдардың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын жаңарту бағытындағы жұмыстар жалғасын табады», деді басқарма басшысы.

Айта кетейік, «Ауыл – ел бесігі» жобасы 2019 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. 2019-2021 жылдары 59 жобаға 11,1 млрд теңге бағытталып, нәтижесінде 11 мектеп, 8 мәдениет, 2 спорт, 2 тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысаны, 7,1 шақырым су құбыры, 104 шақырым жол күрделі жөнделген болатын.

Батыс Қазақстан облысы бойынша 2025 жылға дейін жаңғыртылған тіректі ауылдар үлесін 100 пайызға дейін жеткізу көзделіп отыр.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале