7.12.2022, 13:00
Оқылды: 62

Қазақстанда петиция беру тәртібі өзгереді - министр

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі елімізде петицияны беру тәртібін таныстырды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

10

Мәжілісте "Қоғамдық бақылау туралы" заң жобасы мен қоғамдық бақылау жүргізу тәртібін реттейтін ілеспе құжат бірінші оқылымда қаралып жатыр.

“Заң жобасы отандық және халықаралық сарапшылармен бірлесіп әзірленді. Петиция институтын регламенттеу, сондай-ақ ақпаратқа қол жеткізу саласындағы заңнаманы жетілдіру жөніндегі түзетулерді де қамтиды. Біріншіден, заңнамада петиция ұғымы беріледі (петиция – мемлекеттік органға, жергілікті өкілді және атқарушы органға электрондық форматта жіберілген және ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексінің 12-1-тарауында белгіленген тәртіппен қаралатын ұжымдық хабарлама, үн қосу немесе ұсыныс).

Екіншіден, Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексте петицияларды беру және қарау тәртібі бекітілген. Үшіншіден, петицияны Қазақстан Республикасының азаматтары арнайы интернет портал арқылы бере алады. Төртіншіден, уәкілетті орган петиция жария болғанша заңда бекітілген шарттарға сәйкестігін анықтайды”, – деді Қыдырәлі.

Министрдің айтуынша, петиция берілген күннен бастап 20 жұмыс күні ішінде оған кемінде еліміздің 150 азаматы қосылуы қажет. Бұндай тәжірибе петиция институты құрылған бірқатар елдерде қолданылады.

Петицияны міндетті түрде қарау үшін оны қолдайтын дауыстардың шекті мәндері бар:

- аудандық деңгей (әкімдіктер) халқы 50 мыңнан асатын болса, 2,5 мың дауыс, қалғандары үшін халық санының кемінде 5 %-ы болуы керек.

- аудандық деңгей (мәслихаттар) – халқы 50 мыңнан асатын болса, 5 мың дауыс, қалғандары үшін халық санының кемінде 10 %-ы;

- облыстық деңгей (әкімдіктер) – тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің тұрғындарының 1% дауысы;

- облыстық деңгей (мәслихаттар) – тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік халқының кемінде 2 %-ы;

- республикалық деңгей (Үкімет) – кемінде 50 мың дауыс.

“Петицияны қарау барысында мемлекеттік орган петиция авторын шақырып, хабардар ете отырып, мемлекеттік орган шешімінің жобасын жария талқылауды ұйымдастырып, жеке комиссия немесе жұмыс тобын құрады. Мұндай шаралар петициялардың қоғамдық мәртебесі мен маңызын арттыруға мүмкіндік береді. Петиция бойынша шешімді мемлекеттік органның бірінші басшысы ғана қабылдайды.

Сондай-ақ мәслихат депутаттарына петицияны ілгерілету кезеңінде қол жинауға қатысу, мемлекеттік органдардың петицияларды қарауына мониторинг жүргізу, петицияларды қарау бойынша өз округінің сайлаушыларын хабардар ету және басқа да өкілеттіктер беру үшін "Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңға өзгерістер енгізу ұсынылып отыр”, – деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі.

Дархан Қыдырәлі петицияны енгізу үшін жеке онлайн платформа құрылатынын айтты.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале