8.12.2022, 10:30
Оқылды: 52

Мәртебеге лайық болсақ-шы...

Балаға білім беру үшін баланың көзіне қара, жан дүниесін түсін, тентектігі мен еркелігін басып 5-7 минут ғылымнан хабар бер, қалғанын өзіне жасат, сонда ғана оның дағдысы қалыптасып, білімді бойына сіңіреді.

IMG-20221208-WA0004

...алдымда кемі 27 бала, оның жетеуінің ата анасы баланың мінезі мен тәрбиесіне бақылау жасамағандар. Ол жетеудің бірін алдап, бірін мақтап, бірін қорқытып, бірін еркелетіп жүріп, бағанағы түсіндіргеніңді қисық оқулықтағы тапсырмамен не өзің соларға жасаған тапсырмамен 45 минутта 2,3 тапсырма орындатып 10 баллға бағалап  қоя  бересің. Он бет ҚМЖ жазсаң да дәл саған пайдасы жоқ, бастықтардан «без шума» құтылу үшін жазбасаң. Маған тапсырма қымбат. Көбіне бала деңгейіне оқулықтағы тапсырманы таңдаймын, ол келмесе, тапсырма құраймын. Есесіне шәкіртімнің алғысын естимін. Әлгі жеті тентек те шаруаларын тындырып қайтады, жазбаса да көңіліне тоқиды.

Ұрпақтың сауатын ашу  мен тәрбиелеу өте жауапты, қиын жұмыс. Деңгей жоғары болу керек. «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды. Енді осы мәртебеге лайықты болу үшін, талаптар қойылады емес пе?» (мұғалім хатынан).

... Алғаш мұғалімдік еңбек жолымды бастаған жылдарым есіме түсіп отыр.  Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беремін. Оған қосымша жарты бірлік тәрбиешілігім бар. Жатақханадағы тентектердің қолын бос қоймау үшін кештерде домбыра үйретіп, жыр-қисса кітаптарды дауыстап, образдап оқуды тәсіліме енгізгенмін (әйтпесе,  менен зорларды да тыңдамай кететін су тентектер бар...). Сонымен, алғашқы оқу жылының бірінші жартыжылдығы аяқталды. Қысқы каникулдан келгенде, жаңалық-математик  апай  завуч болып тағайындалған! Өте тәртіпшіл, математик болған соң ба, әр ісі қаланған кірпіштей текшеленіп тұратын адам еді. Шағын ғана сегізжылдық мектеп оқушыларының  ішіндегі ең асауы – 6-класс (ол кезде «сынып»  деген сөз жоқ...) осы кісі жетекшілікті қолына алғаннан кейін ғана өзгерген. Сабақтары да түзелді,  тәртіп одан да күшті!  Жарыс болса – жеңімпаз,  сабақ болса – білімпаз... Себебі,  класс жетекшінің айбары мектептен асып,  ауылға жетеді... Ал енді сол апай бастық, оған енді класс жетекшісі болуға болмайды. Үлкен мұғалімдердің арасында директормен талқыланып жатқан бұл мәселеде біздің, екі-үш түйір жас мұғалімдердің, шаруамыз жоқ.  Өз жұмысымызды біліп,  мұғалімдер бөлмесінде көп тұрақтай да бермейміз. Біздің жүретін жеріміз балалардың арасы,  қала берді пионер бөлмесі.

...Түс қайта жатақхана балаларын сабақ әзірлігіне алып келгенім сол еді, «завуч шақырып жатыр» деген хабар жетті. Өзің оқып шыққан мектепте қанша мұғаліммін десең де,  бәрібір ішкі кішілік сезім сол бойы сақталып қалады. Жүрегім лүпілдеп, мұғалімдер кабинетінің бұрышында бөлек үстел құрып отыратын завучтың алдында тұрмын. Көзілдірігін мұрнының ұшына таман ысырып қойып үстінен қарайтын әдетімен шүйіле қарады да:  - Отыр, – деді апай, – менің класымды сен аласың, – деді сосын қолындағы әдемілеп ұштаған қарындашын жасап отырған жаңа сабақ кестесінің үстіне тастай беріп. Шошып кеттім. Өзім жатақханадағы «қояншықтарды» қалай бағындырарымды (түсқайтағы төрт сағат қана) білмей жүргенде, енді  класс жетекшілігі еді жетпей тұрғаны маған! Ол класты білем ғой, сабақ беріп жүрмін... Марат! Мәлік! Біржан!  Серік!.. Шеттерінен басқаша балалар. Бағып отырады көзіңді.  Сәл сенімсіздігіңді байқаса, бітті, бұрып әкетеді класты... Онда сабақ күйреді дей бер.

– М. апайға, Р. апайға,  Е. ағайға берсеңізші, – деппін, біреу менен ақыл сұрап тұрғандай.

– Бермеймін оларға! – деп  кегжең етті апай, – қолыңнан келеді. Көмектесем өзім! Сөз аяғын жылытқандай болғанмен,  жүзіндегі қаталдықтан көзім жыпылықтап, басымды қалай изегенімді білмей қалдым. Ертеңіне бірінші сабақтан бұрын мені әкеліп «таныстырды»  класына. Қас қылғандай сол күні соңғы сабақ – тәрбие  сағаты.  Класс жетекшісі өткізуі керек оны. Апай өзі келем деген,  бір шаруасы болып қалды ма,  әлде, әдейі сөйтті ме, келмей қойды. У-шу, жамырап отырып 45 минут та өтті-ау!

Шашып алғанымды біліп тұрмын. «Апайдай болу қайда! Одан кейін мені қайтіп тыңдасын, «рақат»  болды ғой бұларға...» – деп, жұмыстан жыларман болып қайттым. Қысқасы, сол қиындықтан мені атамның ертегілері құтқарды.  Жоспардағы тақырып,  тәртіп, т. б. бұрын атамның ертегілерінен үзінді айтып берем.  Қалғанын келесіге қалдырам. Одан кейін оқыған қызықты кітаптарымнан эпизодтар әңгімелеуге кірістім.  Басында аузына сөз түспей,  тосылып, тамсанып тұрып қалатын «класс жетекші апай» бірте-бірте тәжірибе жинап, әжептәуір әңгімеші болып алды... Ауылда телевизор жоқ,  мультфильм дегенді қайдан білсін балалар. Қаладан өзім есім кетіп көрген «Путешествие Алисы» деген мультфильмді серия-сериясымен, көркемдеп тұрып майын тамызып әңгімелеп бергенім класыммен біржола  достастырып жіберді.  Кейін газет-журналдарға да кезек келді. Шолу жасаймыз. Талдаймыз.  Бәрі қызық. Жоғарыдағы мұғалімнің хатынан тарқатылған ой ғой.

Шынымен де, мұғалімнің деңгейі, ой-өрісі алдындағы баланы үйіріп алып кететіндей болмаса, неше жерден заңмен мәртебе берсе де көтерілмейді ол... Тек қана пәнді білсем, сабақты берсем болдымен шектелу – мұғалімнің маман ретінде тоқырауына алып келмей ме?

Интернеттегі шолақ, орашолақ жазбаларды  үзіп-жұлып оқып жүріп, өзі де интернет, әлде робот сияқты болып кеткенін байқамай да қалады адам. Ұзақтау сөйлесең, аяғына шейін тыңдауға шыдамы жетпейтін жұрт көп. Ғаламтор шырмауы деген сол болар... Сананы билейді.

Шырмауық емей немене, баспасөзге жазылудан бас тартып,  «интернет бар,  газетке жазылып керегі не?» дегенді ұялмай айтатын «ұстаздар» пайда болса?!  Онысын «мұғалім мәртебесімен» бүркемелеу сыңайлары да байқалса?..»... Бүгінгі мұғалім кеудесінде намысы бар, өзіне не қажет, ненің қажет емес екенін білетін халық.  Аздап айналаға қарап заманға сай жұмысқа неге көшпейсіздер?

Дәл осы уақыттан 50 жыл бұрынғы міндетті баспасөзге жазылу, жазылдыру әлі бар! Елу жылда ел жаңа! Заман жаңарып, бағдарлама жаңарып, технология жаңарып  космос  дәуірінде өмір сүріп жатырмыз деп қоямыз. Бірақ біздің басылымдардың  осыдан жүз жыл бұрынғы қалпынан өзгермей,  дамуға ықылас білдіре алмауы қалай? Менің мектепте жазылған газетімнің бір нөмірі қолыма тигенше, электронды бес нөмірі келіп қояды... Газеттердің сайттарын тінтіп жаңалық іздеп отырған маған  бұдан кейін ол  газеттің керегі де жоқ!..» деген уәж айтады баз бір мұғалімдер. Сол «сайттардың» тінтіліп» жататынына күмәнім бар... Соның ішінде,  интернеттен мақұрым отырған ауылдарға да, тілге шорқақ болып бара жатқан  мұғалімдерге де оқу, баспасөзге жазылу ауадай қажет. «Оқуға құштар» мектепте  газет те алдырғысы келмейтін мұғалім қайтіп жұмыс  істейді? Баспасөзге жазылу міндет емес, қажеттілік. Мұны әрбір өрелі ұстаз айтқызбай біледі. Мәртебеге сай боламын деген мұғалім  мерзімді баспасөз құралынан құр қалмас. Әйтпесе, қалай?.. «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды. Енді осы мәртебеге лайықты болу үшін, талаптар қойылады емес пе?» деген мұғалім пікірін  қолдай отырып, сол талаптың бірі – қоғамдық  ахуалдың тамыршысы болып табылатын баспасөзге жазылу, яғни азаматтық сергектіктен қалыс қалмау шығар деп пайымдадым.

«Қанатына хат жазған көгершіндей», хабар-ошарға,  алуан тақырыптарға толы газет оқырманын табуға асығады. Есік-терезені тас бекітіп, «ақы сұрауға келе жатыр!» деп кемсітуге, жазылмауға асықпаңыз. Мүмкін, сіздің де бір қадеңізге жарауға, серпіліс беріп, ой туғызуға, жолыңызды ашуға себепкер дәл осы газет болар?!

Бұқара қолдамай, бұқаралық ақпарат оңар ма? Бұқаралық ақпараты оңбаса, бұқара көңілі толар ма?..

Дариға Мұштанова,

«Үзіліс» арнайы бетінің қоғамдық редакторы,

«Парасат» орденінің иегері,

Ы.Алтынсарин белгісінің иегері,

ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері,

ҚР Мәдениет саласының үздігі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале