Сәрсенбі күні Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында 9 желтоқсан –Халықаралық сыбайлас жемқорлықпен күрес күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.
Атаулы күнге орай ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ісқимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) БҚО бойынша департаментінің бастамасымен өткен іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов қатысты.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) БҚО бойынша департаментінің басшысы Нұрлан Қыдырбаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттік құрылымдар мен жұртшылықтың тиімді өзара іс-қимылының маңыздылығын атап өтті.
2022 жылғы 1 ақпандағы кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күресу – мемлекеттік саясаттағы негізгі басымдықтың бірі. Осы бағытта №4 үлгілік базалық бағыт шеңберінде «Absolute integrity» орталығы ашылды.
Бүгінгі таңда орталыққа 50-ден астам азамат жолығып, өз ұсыныстарын айтқан. Агенттіктің қызметкерлерімен бірге еліміздің әр өңіріндегі тұрғындар мен қоғам өкілдерін толғандыратын түйінді мәселелер сараланып, «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасы» жасақталған.
– Өңірімізде «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасына» проблемалық салалар ретінде экология, жер, ауыл шаруашылығы және жолдар мен инфрақұрылым салалары енгізілді. Бүгінгі күні аталған салалардағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау және жою мақсатында тиісті шаралар қабылданды.
Департамент есептік кезеңде 14 сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізіліп, 68-ден астам ұсыныс берілді. Төрт мекеменің қызметінде қоғам өкілдерінің қатысуымен сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізіліп, 54 тәуекел анықталды. Оларды жою бойынша 96 ұсыныс берілді. Жыл басынан бері қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған 700-ге жуық іс-шара ұйымдастырылып, 25 мыңнан астам адам қамтылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің араласуымен «Бірыңғай сатып алу терезесі» ақпараттық жүйесі арқылы 350 млн теңгеден астам көлемде бюджет қаражаты үнемделді. Департаменттің араласуымен медициналық тексерістен өту мәселелері бойынша 3600-ден астам адамның және субсидия алу сұрақтары бойынша 350-ден астам шаруа қожалығының құқықтары қорғалды. Бүгінгі таңда облыстағы 197 мекемеге сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау үшін ішкі талдау жүргізілді. Оның 54-і – жергілікті атқарушы құрылым, 17-сі – аумақтық департамент пен мекемелер, 126-сы – мекемелерге бағынысты ұйымдар мен квазимемлекеттік сектор. 1300-ден астам құқықтық актілер сараланды. Нәтижесінде 354 сыбайлас жемқорлық тәуекелі анықталып, 500-ден астам ұсыныс берілді. Департаментпен қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар өз жалғасын таба бермек. Адал және парасатты қоғамды бірге қалыптастырайық, – деді Нұрлан Қыдырбаев өз сөзінде.
Іс-шара барысында «Парасатты отбасы» байқауының жеңімпаздары марапатталды.
Сондай-ақ қоғам белсенділеріне, журналистерге және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға және парасаттылық идеологиясын ілгерілетуге қосқан үлестері үшін алғысхаттар табыс етілді.
Гүлжамал Кенжеғалиева,
zhaikpress.kz