13.12.2022, 10:00
Оқылды: 53

«Ауылда түрлі кәсіп бар»

Жуырда «ҚазИИТУ» ғылым-білім кешенінің студенттер сарайында «Ел дамуындағы ауыл әйелінің рөлі» атты форум өтті. TEDx сипатында ұйымдастырылған іс-шараға  кәсіпкерлер, педагогтер, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, көпбалалы аналар, үй шаруасындағы әйелдер, медицина қызметкерлері қатысты.  

Айелдер форумы КАЗИИТУ

– Қазақстан әйелдері ел экономикасының дамуына елеулі үлес қосып келеді. Елдегі шағын және орта бизнестегі жұмыс орындарының үштен бірін әйелдер қамтамасыз етеді. Сондықтан әйелдің қоғамдағы беделі мен рөлін арттырудың маңызы зор. «AMANAT» партиясы облыстық филиалының жанынан түрлі бағыт бойынша құрылған қоғамдық кеңестер бар. Мәселен, отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңес жоспарлы іс-шараларды жүзеге асыруда. Біздің ҚР Мәжілісіне отбасы мәселелері бойынша жолдаған бірқатар ұсынысымыз қолдау тапты. «Ұлттық жобалар мен стратегиялық көрсеткіштер картасы» деген ауқымды құжатта жанұядағы түйткілдерді реттейтін индикаторлар күні бүгінге дейін болмаған екен. Сол себепті өңірлер облысты дамыту жоспарына отбасылық құндылықтарды дәріптеу, зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі басым бағыттарды енгізе алмай келді. Біз жолдаған ұсыныстан кейін бұл мәселе шешімін тапты. Енді әр өңір осы бағыттар бойынша түрлі жобаларды жоспарлай алады. Құзырлы құрылымдарға   мектептерде ерекше білім беруді қажет ететін 11-12-сынып оқушыларына қатысты да ұсыныстар жібердік. Біз көзі нашар көретін балалардың Брайль қарпі орыс тілінде болғандықтан, олардың  ресми тілде сөйлеуге мәжбүр екенін байқадық. Осы мәселені де көтердік. Алдағы уақытта шешімін табады деген ойдамыз, – деп форумды ашқан «AMANAT» партиясы облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Кенесары Нұршинов іс-шараға қатысушыларға сәттілік тіледі.

Іс-шараның басты қонағы Ақмола облысындағы «Арай» АӨК-тің басшысы Гүлмайра Баймакова болды. Гүлмайра Нәбиқызы ауылда қалай бизнес жүргізуге болатыны жайлы тәжірибесімен бөлісті. Бау-бақша баптайтын іскер жан  картоп, қарбыз, қырыққабат, сәбіз, қияр, қызанақ сияқты көкөністерді егіп, мол өнім алып отыр. «Біздің мақсатымыз – қыз-келіншектерді жігерлендіру, кәсіп бастауға ынталандыру. Ауыл – алтын тамыр, береке-бірлігіміз-дің бастауы. Ауылда да түрлі кәсіппен айналысуға мүмкіндік бар. Мысалы, жаз бойы бау-бақша егіп, қызанақтың өзін сатып-ақ пайда табуға болады. Себебі қазір табиғи  өнімге деген сұраныс жоғары. Мемлекет те қолдау көрсетеді. Тек алға қойған мақсатқа жету үшін қиындықтан қорықпау керек», – деді спикер. Сондай-ақ ол Ақмола облысында іске асырған «Балкондағы сиыр» жобасына тоқталды. Бұл жоба бойынша қаланың тұрғыны сиыр сатып алып, оны ауыл тұрғынына алты жылға бағуға жалға береді. Ал ірі қараны жалға алған адам сиыр иесіне келісімшартқа сәйкес, сүт, сүзбе, қаймақ және басқа сүт өнімдерін жеткізіп беріп отырады. Осылайша ауылдағы әйелдер бірнеше сиыр сауып, пайда тауып отыр екен. Ал қаладағы №42 «Ақниет» гимназиясының директоры, қалалық мәслихаттың депутаты Әзима Ғұбашева «Ауылдың мәні – әйелде» тақырыбында сөз қозғады. Ол ауыл әйелдерінің әлеуетін көтеріп, беделін арттыру үшін бірнеше іс-шараны қолға алу керек деді. Яғни  әйелдердің құқығын заңмен қорғауға үйрететін семинар-тренингтер ұйымдастыру, қыз-келіншектердің кәсіппен айналысуына ықпал ететін шеберлік сағаттарын өткізу, оларды білім ошақтарындағы «Әже», «Ана» мектептерінің жұмысына көбірек тарту қажет. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім меңгерушісі Айнаш Ғұбайдуллина әйелдердің денсаулығын күтуі, уақтылы медициналық тексерістерден өтіп тұруының маңызы туралы баяндады. Сондай-ақ «ҚазИИТУ» ғылым-білім кешенінің құрылтайшысы, профессор, ҚР ҰИА БҚО филиалының төрағасы, академик Ақсерік Әйтімов, «Ерсұлтан» ШҚ жетекшісі Сәндігүл Исмағұлова, форумның модераторы болған медиа-жаттықтырушы Ғазиза Райымбек тақырыпқа сай ой бөлісті. Форум барысында аудан-ауылдардан келген кәсіпкер аналар, бизнеске бет бұрған қыздар баяндамашыларға сұрақтарын қойды. Ауылдарда кәсіптерін дөңгелетіп отырған қыз-келіншектер де табыс табудың қыр-сырын әңгімелеп, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Айна Имашева,

zhaikpress.kz 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале