Батыс өңіріне жұмыс сапарымен келген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов алдымен «Тең қоғам» әлеуметтік қолдау орталығында болып, мүмкіндігі шектеулі жандармен және зейнеткерлермен жүздесті. Кездесу барысында вице-министр жаңадан әзірленіп жатқан Әлеуметтік кодекс туралы ақпарат берді.
Кездесу басталған бойда Ербол Оспанов елде жаңа әлеуметтік саясат қалыптасатынын атап өтті. Ол саясат "Мықты отбасы-мықты мемлекет" қағидатына негізделетініне тоқталды.
-Президент биылғы халыққа Жолдауында жаңа Әлемуеттік кодекс әзірлеуді тапсырған болатын. Сол бағытта жұмыс тобы құрылып, күні бүгінге дейін мыңнан астам ұсыныс түсті. Сондай-ақ елуден астам заң, 200 заңға тәуелді актілер әзірленді. Біз елде жаңа әлеуметтік саясат қалыптастыру керекпіз. Ол саясат отбасы құндылықтарына негізделетін болады. Яғни "Мықты отбасы-мықты мемлекет" қағидатына жүгінетін боламыз,- деді вице-министр.
-Жаңа саясаттың негізгі міндеттері де болады. Олар отбасының цифрлық картасын қалыптастыру, жаңа жұмыспен қамту саясаты, зейнетақы саясаты, әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту, - деп толықтырды өз сөзін Ербол Дүйсебайұлы.
Жиын барысында ең төменгі жалақыны белгілеу мен зейнетақы жүйесі мәселесі де сөз болды.
-Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, ең төменгі жалақыны белгілеу әдістемесін әзірлеуге кірістік. Жұмыс келесі жылдың наурыз айында аяқталады деп жоспарлап отырмыз. Ал, зейнетақы мәселесіне келсек, қазір қабылданып жатқан жаңа шаралар 2025 жылға қарай зейнетақы мөлшерін 27 пайызға арттыруға мүмкіндік береді. Ал, әйелдердің зейнет жасына келсек, бүгінде елімізде еңбекке қабілетті, бірақ тұрақты кірісі жоқ 325 мың әйел адам бар. Біз зейнет жасына жақындаған әйел адамдарды жұмысқа тарту мәселесін күшейте береміз. Ол ретте «Күміс жас» бағдарламасы бар. Бұл жобаға 50 жастан асқан әйелдер қатыса алады, - деді вице-министр.
Жиын соңында қатысушылар мүгедектерге берілетін төлем, зейнетақы жүйесі туралы сұрақтарын қойып, жауап алды.
Бүгін вице-министр жұмыспен қамту орталығында және әлеуметтік үйде болып, үй тұрғындарымен кездеседі.
Жанат Көшкінбай,
zhaikpress.kz