Бұл туралы кеше облысқа келген Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрімен кездесуде айтылды. Өңірімізге жұмыс сапарымен келген вице-министр Е.Оспанов арнаулы әлеуметтік көмек көрсету орталықтарының жұмысымен танысты. Вице-министр Круглоозерный арнаулы әлеуметтік көмек көрсету орталығында болып, мекеме қызметкерлерімен жүздесті.
Круглоозерный арнаулы әлеуметтік орталығы 352 орынға арналған. Ол жерде психоневрологиялық ауытқуы бар адамдар қызмет алады. Қазір мекемеде жасы 18-ден асқан 351 адам тұрып жатыр.
Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов орталықтың жұмысымен танысты. Орталық директоры Мұрат Кенесарин қызмет алушылар тұратын №3 корпустың апатты жағдайда екенін айтты.
«Бұл - біздің қызмет алушыларымыздың тұратын орталығы. Осы жерде тамақ ішеді, демалады. Корпус қазір апатты жағдайда тұр. Біз адамдардың өмірін қауіпке тігіп, бұл жерде оларды ұстай алмаймыз. Қазір басқа корпусқа көшірдік. Ол жерде өте тар. Мына корпусты қайта тұрғызуға 1 млрд.-тың үстінде қаражат қажет. Осыған ресупбликалық бюджеттен ақша бөлуге қолұшын созсаңыз», - деді вице-министрмен кездесуде орталық директоры.
Біз сөз етіп отырған №3 корпус 1953 жылы тұрғызылған. Содан бері ешқандай жөндеу көрмеген. 2020 жылы комиссия апатты деп танып, мұнда тұрып жатқандар басқа корпусқа көшірілген.
Бұл орталық басында облыстық балалар үйі болған, кейін 1988 жылдан бермен арнаулы әлеуметтік көмек көрсету орталығы болып өзгерген.
Орталық ішін аралап шыққан Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі «Жағдайды көрдім, жылдың басында жұмыс тобына ұсынамын» деп уәде берді.
Облысқа жұмыс сапарымен келген Ербол Дүйсебайұлы Зашаған кентіндегі әлеуметтік орталықта да болды. Ол жерде облыстағы арнаулы әлеуметтік орталықтардың қызмет алушылары ішінен қоғамға бейімделуге лайықтыларын шығарып, өмірге бейімдеуде.
«Қазір орталықта 15 адам тұрып жатыр. Оның сегізі тұрақты жұмысқа орналасқан. Бір қызмет алушы бұйырса әні-міне үйлі болады деп күтіп отырмыз»,- деді орталық директоры Мұрат Кенесарин.
Кейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі қаладағы «Салют Орто KZ» протез орталығында және Жұмыспен қамту орталығында болып, орталық жұмысымен танысты.
Жанат Көшкінбай,
zhaikpress.kz