Теректі аудандық мәдениет үйінде жыл қорытындысы «SMART оқушы – 2022» үздіктерді марапаттау рәсімі өтті.
Балалар жылын қорытындылау және жыл үздігін анықтау мақсатында ұйымдастырылған шара екі бөлімнен құралған. Алғашқысы – пікір алмасу. Спикерлер қатарында Батыс Қазақстан облыстық дарынды балаларға арналған Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының директоры Нұрбөбек Кереева, Орал қаласының ақпараттық талдау және жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың басшысының орынбасары, ақын Дәурен Шамұратов, «Теректі жаңалығы» газетінің директор-редакторы , аудандық мәслихат депутаты, ақын Әділет Орынбасаров болды.
«Ашық микрофон» айдарының тізгінін алған аудандық балалар шығармашылық үйі директорының м.а. Үміткер Орынғалиев қонақтарға сөз кезегін ұсынды.
Облыстық дарынды балаларға арналған Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының директоры Нұрбөбек Есполқызы салтанатты жиынға келген оқушыларды гимназияға оқуға шақырды.
– Сіздер «SMART» оқушы деген сөзге сай болыңыздар. Бұл сөздің өзі заманауи дегенді білдіреді. Яғни, қазіргі XXI ғасырдың көш басында жүрген, оқу-білімге, ғылымға, өнерге көңіл бөліп жан-жақты көрініп жүрген жастарсыз.
Подстепный ауылдық округінде орналасқан облыстық Абай гизназиясы еліміздегі алдынғы қатарлы мектептер тізімінде. Оқу мен тәрбиені қатар беруге тырысудамыз. Оқушыларымыз түрлі сайыстарда бақ сынап, алдыңғы қатарда жүр.
Бүгінгі таңда мемлекет ауыл балаларына көп көңіл бөлуде. Оларға арнап жыл сайын «Мың бала», «Айқанат» секілді олимпиадалар өткізеді. Мәселен, «Мың бала» олимпиадасының жеңімпаздары дарынды оқушыларға арналған мектептерге ешқандай сынақ тапсырмай-ақ қабылданса,«Айқанаттың» жеңімпаздары Бурабайда ашылған арнайы жаңа заманға сай жабдықталған мектепке оқуға түсе алады. Сондықтан барша дарынды, білімге құштар оқушыларды мектепке оқуға шақырамын, - деді өз сөзінде.
Одан кейін облыстық ақпараттық талдау және жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың басшысының орынбасары, ақын Дәурен Ибатұлы ұстаздар жайында әңгіме өрбітіп,«Тәуелсіздік» туралы жазған жырын оқып берді.
Теректі аудандық газетінің бас редакторы Әділет Әлібекұлы да өз саласы жайында ақпарат беріп, өлеңге, шығармашылыққа жаны құштар оқушылардың туындыларын газет беттеріне шығарып, қолдауға дайын екендігін жеткізді. Ақын, «Тау баласы» жинағының авторы Әділет Орынбасаров «91 мен 93 немесе жылдар жақындығы»,«Жастар», «Біздің көше» өлеңдерін оқыды.
Салтанатты жиынның екінші бөлімі үздік оқушыларды марапаттаумен жалғасты. Аудандық білім беру бөлімінің басшысы Максим Энгелов жыл бойы оқушыларды білім бәсекесіне дайындап, жоғары нәтиже көрсеткен ұстаздар мен оқушыларға алғысын білдірді.
Балнұр Қанаева,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz