22.12.2022, 18:42
Оқылды: 49

Шетелдік аутокөліктерді заңдастыру түсіндірілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші қыркүйектегі  «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында Үкіметке ел аумағына әкелінген шетелдік аутокөліктерді заңдастыру міндетін жүктеген болатын.

Автокөлік заңдастыру (2)
Бүгін Қаратөбе ауданы әкімі Қадыржан Орынбасарұлының қатысуымен шетелдік аутокөлік иелеріне заңдастыру тәртібін түсіндіру бойынша кездесу өтті.

–  Шетелден әкелінген аутокөліктерді заңдастыру өзекті мәселе. Осы мәселені жан-жақты талқылап, шұғыл шешім қабылдауымыз керек. Сондықтан ойларыңызды емін-еркін ортаға салып отырыңыздар. Барлық жұмысты көлік иелеріне жүктеп қарап отырмаймыз. Біз де заң шеңберінде әрекет етеміз. Көмектесуге тырысамыз, - деді аудан басшысы Қадыржан Сүйеуғалиев.

Өз кезегінде сөз алған аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Тимур Майранов заңдастыру барысында жүргізілетін жұмыстар туралы егжей-тегжейлі баяндады.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 1 қыркүйекке  дейін әкелінген және Қазақстан Республикасының Заңнамасына сәйкес мемлекеттік тіркеуден өтпеген шетелдік аутокөлікті тіркегені үшін 200 мың теңге мөлшерінде бір жолғы алым төлеуді міндеттеді. Аталған тапсырманы жүзеге асыру мақсатында «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» ҚР кодексіне түзетулер енгізіліп, Үкімет қаулысының жобасы әзірленді. Жоба 29 қарашада талқылаудан өту үшін ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми сайтына орналастырылды. Талқылау барысында тұрғындардан түскен ұсыныстар міндетті түрде қаралады.

Автокөлік заңдастыру (1)

Жобаға сәйкес заңдастыру 2023 жылғы 1 қаңтарда басталып, 2023 жылғы 1 шілдеге дейін жалғасады деп болжануда. Заңдастыру туралы өтінішті «Электронды үкімет» порталы арқылы немесе ХҚКО-ға беруге болады. Барлық қажетті төлемдер уәкілетті құрылым (ІІМ) аутомобилдерді заңдастыру туралы шешім қабылдағаннан кейін жүзеге асырылады. Заңдастыруға жататын көліктер іздестіру базасында тіркелмеуі, бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылуы, толық кедендік тазартылудан өтуі тиіс. Егер аутокөліктер осы талаптарға сәйкес келсе, оларды тіркеуге еш кедергі жоқ, - деді Тимур Нұрболатұлы.

Кездесу барысында Тимур Нұрболатұлы заңдастыру жұмыстарына сай сауалдарын қойып, ұсыныстарын ортаға салған тұрғындарға  нақты түсінік берді.

  Ерболат Райсов,
Қаратөбе ауданы 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале