«Атамекен» өнер ордасында облыстық тілдерді дамыту, архив ісі басқармасының қолдауымен, Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония және облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен "Мәдениет үздігі – 2022" мәдениет саласындағы үздіктерді марапаттау шарасы өтуде. Оған облыс әкімі Нариман Төреғалиев қатысып, сала қызметкерлерін құттықтады.
- Бірнеше күннен кейін күнпарақтан алыстайтын 2022 жыл өзінің есте қаларлықтай тарихи оқиғаларымен айшықталады. Бүгінде мемлекет тарапынан мәдениет саласына ұдайы қолдау көрсетілуде. Соңғы жылдары облыста 8 мәдениет нысаны салынып қайта жөнделді. Он алты мәдениет ошағы күрделі жөндеуден өтті.
Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында пайдалануға берілген «Атамекен» өнер ордасы отандық мәдениет пен өнердің дамуына, рухани байлығымыздың еселене түсуіне үлес қосуда. Хан ордасы музей қорығының визит-орталығы салынуда. Бұл өңіріміздің тарихи-мәдени нысандарының инфрақұрылымын күшейтуге серпін беріп, мәдени мұрамызды дамытуға өз үлесін қосары сөзсіз.
Биыл тұңғыш рет І республикалық моноспектакльдер фестивалі өтіп, Балалар жылы аясында елімізде алғаш рет балалар театрларының республикалық фестивалі ұйымдастырылды.
Жас дарындарды анықтау және қолдау көрсету мақсатында «Талантты ауыл баласы» жобасы жүзеге асырылды.
Мәдениет – ұлттың рухани белгісі. Мәдениет жолында адал еңбектеріңіз жеміс болсын, - деген облыс әкімі сала қызметкерлерін марапаттады.
Салтанатты шарада Инна Гудошникова, Светлана Анищенко, Қалиолла Молдағалиев, Қалиолла Роза Исатаева, Есенгелді Молдағалиевке «Еңбек ардагері» төсбелгісі берілді.
Ал Мәдениет және өнер саласының дамуына қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасы «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның дәстүрлі әншісі Фархат Оразовқа, Бөкейордасы тарихи–музей кешенінің директоры Ғайса Махимовқа, Ғ.Құрманғалиев атындағы БҚО филармонияның «Орал сазы» фольклорлық ансамблінің жетекшісі Асқар Кенжегалиевқа, Батыс Қазақстан облыстық камералық оркестрінің артисі Елена Шутареваға, Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония әншісі Ербол Ақбасовқа берілді.
Шара әлі де жалғасуда.
Динара Тілекқызы,
Сурет БҚО әкімдігінің баспасөз қызметінен
zhaikpress.kz