23.12.2022, 23:47
Оқылды: 66

«Сізді мақтан тұтамыз, Майдан аға!»

Переметный ауылында Бәйтерек ауданының құрметті азаматы, қадірменді қариясы Майдан Жұбандықовтың 80 жасқа толуына орай салтанатты іс-шара өтті.

ABC8C820-D3E0-43D0-AC39-7791C94B7FA4

– Егер бізден «елде бетке ұстар кімің бар?» деп сұраса, нар тұлғалы ағаларымызды көрсетіміз. Сондай ауыз толтырып айтатын ағаларымыздың бірі – Майдан Зайноллаұлы. Бәйтерек ауданына қызметке келгеннен соң ағамызбен таныстық. Аға деуге тұрарлық жан екенін көріп, білдік. Оның бойындағы тазалық, адалдық, ашықтық, жауапкершілік сынды тамаша қасиеттер көпке үлгі. Зейнетке шыққан соң қаламды жанына серік етіп, ауданымызға еңбек сіңген азаматтар туралы жазып келеді. Газетке шығарды, кітапқа шығарды. Бұл шығармаларды оқи отырып, сол еңбек адамдарының қасында жүргендей сезінесің. Олардың кескін-келбетін, психологиясын барынша ашуға тырысқан. Жалпы мұндай шығармалар - бұрын бұл жерде болмаған, ауданды жөнді білмейтін адамдар үшін керек дүние деп есептеймін. Мен өзім ауданның байырғы еңбеккерлерін осылай танып жатқан жайым бар. Сол себепті Майдан ағамызға денсаулық, қажымас қайрат, шығармашылық табыс тілеймін. Дінмұхамед Қонаев айтқандай, секеннен секіріп өтіп, тоқсанда тоқтамай, жүзге жетіңіз! Отбасыңызға да, айналаңыздағы ағайын-туысыңызға да амандық тілейміз. Біз сізді мақтан тұтамыз Майдан аға, - деп өзінің жүрекжарды тілегін білдірген аудан әкімі Марат Тоқжанов қазақы дәстүрмен ақсақалға шапан жапты.

Одан соң сөз алған «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Табылғали Сапаров өзін осындай салтанатты іс-шара арнайы шақырған аудан әкіміне ризашылығын білдірді. Бәйтеректіктерді Жаңа жылмен құттықтап, барлық жақсылық атаулысын тіледі.

CC8BD5DE-2FB8-481E-B8F8-E625D9F4AD5F

– Майдан Зайноллаұлы әкеммен бірге қызмет атқарды. Әкем оны жақсы көретін еді. Ағаларыма оны үлгі қылып айтатын. Біз ол кезде баламыз. Дегенмен де сол кезде айтылған сөздер әлі көкейімізде сайрап тұр. Артынан біз де есейіп, еңбекке араластық. Сол кезде Мәкеңнің жұмыс істеуі бөлек екенін аңғардым. Тек ол емес, замандастары да солай. Себебі олардың балалығын соғыс ұрлады. Ерте есейіп, жауапкершіліктің қамытын мойынға ерте киген оларды пассионар деп айтуға болады. Олардан біз үлгі алдық. Тағы бір ерекше қасиеті, үлкен жүректілік. Мәкеңнің кітап жазудағы мақсаты – ақша табу не өзінің атын шығару емес, кешегі өткен еңбек адамының есімдері ұмыт қалдырмау. Және оларды жай ғана жазып тастаған жоқ. Жазуынан-ақ адамды бауырым деп сүйе алатын көрсетеді. Мәкеңнің еңбектерінен адамдардың бойындағы отансүйгіштік, адамгершілік, еңбекқорлық сынды қасиеттер анық көрініс береді. Оларды оқи отырып, біздің ондай деңгейге әлі жетпегенміз байқалады.  Біз солай болуға талпынамыз. Алайда қазір заман басқа. Қазір балақтан тартуға тырысатындар көп. Дегенмен де мұның бәрі Мәкеңнің, оның замандастарының басынан өткендерімен салыстырсақ, дым емес. Қорыта айтқанда, біздің адам болып, қатарға қосылуымызға төккен теріңіз Майдан Зайноллаұлына айтар алғысымыз зор, - деді Табылғали Сатқалиұлы.

8BC7932C-B577-42E8-8C67-A473BFB72A87

Осындай құттықтау тілекті аудандық мәслихат хатшысы Нұрлыбек Хайруллин, аудандық ардагерлер кеңесінің атынан еңбек ардагері Николай Анцифрович те білдірді.

Мерейтой иесі өзін елеп-ескеріп, осындай іс-шара ұйымдастырғаны үшін аудан басшылығына, Оралдан арнайы келген Табылғали Сапаровқа, өзінің замандастарына ризашылығын жеткізді. Қазір төртінші кітабын баспаға дайындап жатқанын да тілге тиек етті.

AA756CAC-083C-4F97-856F-F865D97975B6

Кеш барысында жергілікті өнерпаздар әннен шашу шашып, жиналғандарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Қуаныш Қали

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале