26.12.2022, 10:00
Оқылды: 84

Саңлақ спортшыларға — сый-құрмет!

Биыл облыс спортшылары әлем, Азия және Қазақстан Республикасының чемпионаттары мен халықаралық турнирлерде, басқа да ірі сайыстарда өнер көрсетіп, 1166 медаль ұтып алған. Ел намысын ту еткен оғландар Азия чемпионаттарынан 30  алтын, 31 күміс, 21 қола жүлде иеленген болса, әлем чемпионаттарында бақ сынаған батысқазақстандық  спортшылар 19 алтын, 17  күміс, 6 қола медаль жеңіп алыпты. Одан бөлек,  ХХІV қысқы олимпиада ойындары және ХХІV жазғы сурдлимпиада ойындарында да өңір спортшылары бой көрсетіп, намысты қолдан бермеді. Болашағынан зор үміт күттіретін Әділ Ғалиахметов пен құрама үздіктерінің бірі Абзал Әжіғалиев ХХІV қысқы олимпиада ойындарында әлемнің үздік шорт-трекшілері қатарынан көрінсе, ХХІV жазғы сурдлимпиада ойындарында дзюдо күресінен бақ сынаған Дина Ержанова қола жүлдені қанжығасына басты. Сондай-ақ облысымыз бірнеше спорт түрінен: 14 ҚР чемпионаты, 1 халықаралық турнир, 1 ҚР кубогі, 4 республикалық турнир, спорт ардагерлері арасында 1 республикалық спартакиаданы қабылдап, ірі жарыстарды жоғары деңгейде өткізді. Бұл жайттар желтоқсанның 21 күні өткен жыл қорытындысында айтылды.

спорт

Үздік спортшылар мен бапкерлерді марапаттап, спорт ардагерлерін ұлықтауға арналған салтанатты іс-шараға облыс әкімі Нариман Төреғалиев, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қаймен Есендияров және өңір спортшылары мен сала ардагерлері қатысты.

– Спорт – адамзат өміріне алапат күш сыйлап, тәнге қуат, жанға мықты рух сыйлайтын қастерлі дүние. Сондықтан сергек болудың, сау болудың бірден-бір жолы – спортпен шұғылдану.  Еліміздің еңсесін көтеруде, мемлекетіміздің өркендеуі жолында биік белестерді бағындыруларыңызға, дүбірлі додаларда жеңістерге қол жет-кізулеріңізге, ұлттық спорт түрлерін дамыту арқылы саламатты өмір салтын қалыптастыруларыңызға шын жүректен тілектеспін. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін! Қазақ елінің спорт саласындағы жетістіктері мен табыстары арта берсін, – деді спортшыларға ақ тілегін білдірген облыс әкімі Нариман Төреғалиев.

Одан соң өңір басшысы үздік сала қызметкерлерін ҚР Мәдениет және спорт министр-
лігінің ведомстволық наградасымен, Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің алғысхаттарымен, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің алғысхаттарымен марапаттады.

Кейін ортаға облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қаймен Есендияров шығып, жылды әдемі қорытындылаған спортшылар мен бапкерлерге алғыс білдірді. Өз сөзінде ол осы жылы облыста дене шынықтыру және спортпен жүйелі шұғылданушылар саны 270 219 адамға жеткенін айтты. Бұл облыс тұрғындарының  39 пайызын құрайды екен. Жүйелі жұмыс атқарып, жөнді жоспарларды іске асырудың арқасында басқарма облыстағы спортпен шұғылданушылар санын  2025 жылға дейін 50 пайызға жеткізуді көздеп отырғанын жеткізді. Сонымен қатар спорт дамуына үлес қосқан жандарды БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының алғысхатта-рымен марапаттады.

Салтанатты іс-шарада үздік нәтиже көрсетіп, ел атын шығарған спортшылар мен спорт мектептері, бапкерлер арнайы аталымдар бойынша марапатталды. Атап айтсақ, «Жыл серпілісі» аталымын Мария Бровкова, «Үміт артар спортшы» аталымын Алина Ильясова, «Үздік команда-2022» номинациясын 3х3 баскетболдан жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының чемпионы «БҚО – Arlans» U-12 командасы иеленсе, Мусабек Нарегеев  «Үздік бапкер-2022» аталымына ие болды. Одан бөлек, жылды қорытындылаған жиында «Үздік облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» аталымының жеңімпазы да анықталды. Бұл марапатты облыстық мамандандырылған олимпиада резервінің балалар-жасөспірімдер мектебі жеңіп алса, «Үздік аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» аталымына Сырым ауданының балалар-жасөспірімдер спорт мектебі лайықты деп танылды.

Сонымен қатар  «Сурдлимпиадалық спорт түрлерінен үздік спортшы» аталымы да табысталды. Оны Дина Иржанова жеңіп алса, «Ұлттық спорт түрлерінен үздік спортшы» аталымын Әсет Қайыр-жанов еншіледі. «Олимпиадалық емес спорт түрлерінен үздік спортшы» аталымында Алтынай Джумагальдиева, «Қысқы спорт түрлерінен үздік спортшы» аталымында Нұртілек Қажғали үздік деп танылса, «Жазғы олимпиадалық спорт түрлерінен үздік спортшы» аталымы  Анастасия Панасовичке берілді.

Түгелбай Бисен,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале