27.12.2022, 11:15
Оқылды: 43

«Ашық әкімдікке» қарайған кісі келді...

Өткен сенбі күні Орал қаласындағы «Аmаnаt» партиясы облыстық филиалының ғимаратында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру ауқымында «Ашық әкімдік» бірыңғай қабылдау шарасы өтті.  Онда облыс пен қала әкімдері және олардың орынбасарлары, облыстық басқармалар, аумақтық департаменттер, кәсіпкерлік саласы бойынша тиісті мекемелер, «Отбасы банк» және құқық қорғау құрылымдары, коммуналдық қызмет басшылары азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

4

Қабылдауда болғандар негізінен баспана, әлеуметтік көмек, жер телімдерін алу, жұмысқа орналасу, білім беру, ауыл шаруашылығы, коммуналдық шаруашылық, кәсіпкерлік, құқық қорғау құрылымдарының қызметі, салық төлемдерін төлеу және басқа да сұрақтармен жүгінді. Азаматтар тек өздерін толғандырған жеке мәселелері ғана емес, сонымен бірге облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі ұсыныстарын енгізді.

Тұрғындар арасында туындаған көкейкесті мәселелердің шешімін жедел әрі тиімді жолмен шешуді, мемлекеттік құрылымдардың ашықтығын қамтамасыз етуді көздеген іс-шараға келушілердің қатары көп болды.

Бұрын Ақжайық ауданында, қазір Орал қаласында тұратын Оразай Вахитов – ауған соғысының ардагері. Ол пәтерге мұқтаж екен.

– Біраз жылдан бері үй жө-ніндегі мәселеге байланысты бірқатар мекеменің табалдырығын тоздырдым, қалалық әкімдікке де бардым. Қазіргі кезде пәтер жалдап тұрып жатырмын. Ауған соғысына қатысқан қатарластарымның бәрі де үй алып болды, – деді ардагер.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Миржан Нұртазиевтің айтуынша, бүгінгі таңда облыста толық емес, көпбалалы отбасылар және жетім балалар санатындағы жандарды қосқанда 30 мыңнан астам адам үй кезегінде тұр. Оларға тұрғын үй кезек бойынша беріледі.

– Биыл үй кезегінде тұрған 70-тен аса азаматқа тұрғын үй сертификаты берілді. Сондай-ақ кезекте тұрған 27 адам пәтер жалдау үшін субсидия алды, – дейді ол.

Облыс әкімі аппараты өтініштер бөлімінің басшысы Зухра Нұржанованың мәліметіне сәйкес, қабылдау барысында көкейкесті мәселелерімен 330 азамат келген. Соның ішінде 87 тұрғын облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің  қабылдауында болған. Облыс басшылығы әр мәселені жай-жапсарына дейін қарап, құзырлы құрылымдардың қабылдауына келген азаматтарға қолданыстағы заңдарға сай жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырды және түсіндірмелер берді. Сондай-ақ облыс әкімі барлық мәселені өз бақылауына алды.

«Ашық әкімдік» бірыңғай қабылдау күнінде өңір тұрғындары көтерген барлық мәселе қаралып, әрқайсысына тиісті жауаптар мен кеңестер берілді.  Мемлекеттік құрылымдардың ашықтығы мен транспаренттілігін қамтамасыз ету мақсатында облыс басшылығы жеке қабылдауларды жүйелі түрде өткізіп тұрмақ.

Нұрым Нұрманов,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале