Бүгін БҚО әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов Чехия мемлекетінің Парадубице қаласында өткен каратэ WKF-тен жасөспірімдер арасындағы WORLD SHOTOKAN CHAMPIONSHIP әлем чемпионатының жеңімпазы Нұрислам Қайырғали мен Өзбекстан мемлекетінің Ташкент қаласында өткен каратэ WKF-тен жастар мен ересектер арасындағы Азия чемпионатының жеңімпазы Арина Якубинамен кездесті.
Облыс әкімінің орынбасары дүбірлі додада еліміздің намысын абыроймен қорғаған қос спортшы мен жаттықтырушысы Ринат Мерғалиевті жеңістерімен құттықтап, емен-жарқын әңгімелесті. Бақытжан Нарымбетов осындай үлкен жетістік арқылы еліміздің халықаралық спорттағы үлесін жоғары деңгейге көтеру зор мақтаныш екенін атап өтті.
«Ең алдымен сіздерді жеңістеріңізбен құттықтаймын! Сіздердің жетістіктеріңіз біздің еліміз, облысымыз үшін үлкен мақтаныш. Осындай үлкен жетістік арқылы еліміздің халықаралық спорттағы үлесін жоғары деңгейде көтерудесіздер. Келер уақытта да бағындырар белестеріңіз көп болсын. Каратэ WKF үлкен жаттығуды, ізденісті қажет ететін спорт түрі. Алдағы өтетін жарыстарға да үлкен табандылық пен сәттілік тілеймін», - деген Бақытжан Хаберұлы облыс әкімдігінің атынан ел мерейін үстем етіп, көк туымызды биікке көтеріп жүрген қос жас спортшыға қаржылай сыйақы мен естелік сыйлық тарту етті.
Спортшылардың жаттықтырушысы Ринат Серікұлы мемлекет тарапынан спортты дамытуға көңіл аударылып, облыста спортпен айналысуға барлық жағдай жасалып отырғанына өз ризашылығын білдірді.
Айта кетейік, осы жылдың 6-12 қыркүйек күндері Парадубице (Чехия) қаласында каратэ WKF-тен жасөспірімдер арасында әлем чемпионаты өтті. Чемпионатқа елуден астам ел қатысты. Байрақты бәсекеде ел намысын қорғаған Нұрислам Қайырғали бес кездесу өткізіп, финалда түрік спортшысын жеңіп, чемпион атанды.
Ал 16-20 желтоқсан күндері Өзбекстан мемлекетінің Ташкент қаласында жастар мен ересектер арасында өткен каратэ WKF-тен 18-ші Азия чемпионатына отыз елден 1050 спортшы қатысып, бақтарын сынады.
Аталмыш бәсекеде ел намысын қорғаған жерлесіміз Арина Якубина Қырғызстан, Тайланд спортшыларын жеңіп, финалда Жапония спортшысыннан басым түсіп, Азия чемпионы атанды.
Сонымен қатар ол ҚР «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атағын иеленді.
Гүлмира Сәрсенғали,
zhaikpress.kz