Бүгін облыстық мәслихаттың үлкен залында БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Наурызбай Қарағойшин егін шаруашылығы саласында атқарылған жұмыстар турасында есеп беріп, алда атқарылатын жұмыс жоспарымен бөлісті. Кеңес отырысына аймақ басшысы Нариман Төреғалиев қатысты.
Сондай-ақ жиынға басқарма, департамент басшылары, шаруа қожалығының жетекшілері де шақырылған.
– Өзіңізге мәлім, өткен жылы қалыптасқан қолайлы ауа-райының жағдайы мен мемлекет тарапынан көрсетілген жан-жақты қолдаулардың арқасында көктемгі егіс жұмыстары уақытылы, оңтайлы мерзімдерде жүргізіліп, жақсы өнім алынды. Жалпы дәнді дақылдардан 319 мың тонна астық жиналып, 2021 жылғы көрсеткіштен 81% артық шықты. Орташа өнімділік гектарына 16 центнерді құрады. Бұл облыс бойынша соңғы 10 жылдағы ең жоғары оң көрсеткіш деді,- Наурызбай Қарағойшин.
Жиын барысында облыс әкімі аймақтағы егін шаруашылығы саласында атқарылған жұмыстарға өз бағасын берді. Сөз арасында шаруа қожалықтарын суды үнемдеп пайдалануға шақырды. "Осындай басқосуларда шаруалардың өздері су тапшылығы мәселесін жиі айтады. Ал өз кезектеріңізде бар суды үнемдеп пайдалануды білмейсіңдер,» - деп ескерту жасады аймақ басшысы.
Жиынға қатысқан шаруа қожалықтары нан бағасы, Ресейден әкелінетін бидай мен отандық бидайдың сапасы туралы пікірлерін білдірді.
zhaikpress.kz
Фото авторы: Эльвира Меңдіғли