Бүгін облыстық орталық мешітте былтыр қаңтар оқиғасы кезінде қайтыс болған азаматтардың рухына Құран бағышталып, ас берілді.
Өңір басшысы Нариман Төреғалиев облыстық орталық мешітке барып, Құран бағыштау рәсіміне қатысты.
«Құрметті жамағат, қадірменді көпшілік бәріміздің есімізде, былтыр елде қаңтар оқиғасы болып, оқиға кезінде бауырларымыз өмірден өтті. Бүгін сол кезде өмірден өткен жандарды еске алу үшін орталық мешітте құран бағыштап, дастархан жайып, ниет етіп отырмыз. Құран бағыштау үшін арамызға облыс басшылығы, зиялы қауым өкілдері келіп отыр. Енді қазақтың даласында осындай қиын жағдайлар орын алмасын, тыныштығымыз бұзылмасын», - деген ҚМДБ-ның БҚО бойынша бас имамы Бақытжан Құралбайұлы жиналған жамағатпен бірге қаңтар құрбандарын еске алды. Кейін олардың рухына арнап құран хатым дұғасы жасалды.
Құран бағыштау рәсіміне қатысқан Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Қаңтар оқиғасы құрбандарының рухына бағышталған құраннан соң дұға етті.
«Әрбір отбасыдағы береке – елдің бірлігі мен тұрақтылығы деп түсінуіміз керек. Кешегі қаңтар оқиғасы барлығымызға үлкен ой салды деп айтуға болады. Мемлекет басшысы былтыр наурыздағы Жолдауында қаңтар оқиғасына қатысты: «Біз қаңтар оқиғасы кезінде мемлекеттің тұрақтылығы мен тыныштығын, егемендігі мен тәуелсіздігін әрбіріміз жақсы сезіндік», деген еді. Осындай қанды оқиғалар болған облыстарда қаншама әкелер мен аналар сәбилерін, балаларын, балалар ата-аналарын, бауырларын жоғалтты. Болған оқиғалардың бәрін өз көзімізбен көрдік, естідік. Елді қорғаймын деп өмірден өткен азаматтарымыз сол жерден, сол сәтте табылды, өз жандарын құрбан етті. Өлі разы болмай, тірі байымайды деген бар, бүгін Құран бағышталып, ас беріліп жатқанының өзі біздің азаматтық парызымыз. Бізге әрқашан тұрақтылық пен бірлік керек. Ол болмайынша мемлекетте де, жанұяда да береке болмайды. Әсіресе, осыны жастар жақсы түсінуі керек. Бәріміз еліміздің бірлігі үшін жақсы әрекет жасап, жүрген жерімізде дұрыс әңгімемізді айтып жүрер болсақ, айналамыздан ешқандай кемшілік те көрмейміз, қор да болмаймыз. Тәуелсіздігіміз бен бірлігімізді көзіміздің қарашығындай сақтайық! Елдің мүддесі, ұлттың мүддесі біз үшін ең басты мүдде, - деді өз сөзінде өңір басшысы.
Гүлмира Сәрсенғали,
zhaikpress.kz