Переметныйда жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында тоғызқұмалақтан аудандық ашық турнир өтті.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен сайысқа Бөрлі, Жаңақала, Тасқала аудандарының және Бәйтерек ауданының Володар, Зеленов, Үлкен Шаған мектептерінің және БЖСМ командалары қатысты.
Жарыстың ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Ерікқали Бисақаев адамзат өркениеті мен әр ұлт мәдениетінің қалыптасып, жетілу барысындағы зияткерлік ойындардың орны айрықша екенін атап өтті.
«Тоғызқұмалақ секілді ұлттық ойындар үздіктерді анықтайтын спорттық бәсеке, жарыс түрі ғана емес, өскелең ұрпақ тәрбиесінде, ұлттардың интеллектуалдық әлеуетін көтеруде маңызды жайт болып табылады, - деді Ерікқали Ғұмарұлы. – «Елу жылда ел жаңа» демекші, бүгінгі жарысқа қатысып отырған жасөпірімдер – тәуелсіз елмізде еркін өсіп келе жатқан өрендер. Олар құлдық сана-сезімнен ада. Егемен елімізді жаңа биікке шығаратын осылар. Жас ұрпақтың жүйелі, қисынды ойлау, білім мен ғылымға бейімділігі негіздерін қалайтын, ыждаһаттық пен табандылыққа тәрбиелейтінтоғызқұмалақ секілді зияткерлік ойынды жанына серік етуі бізді қуантады. Сондықтан жарысқа қатысушыларға денсаулық, күш-жігер, жеңісті күндердің көп болуын тілеймін».
Өз кезегінде сөз алған тоғызқұмалақтан ардагер ойыншы Қазбек Өтеғалиев те жиналғандарды Жаңа жылмен құттықтап, жас тоғызқұмалақшыларға сәттілік тіледі.
Сайыс барысында осы турнирге Оралданарнайы келген тоғызқұмалақ бойынша облысымыздан шыққан тұңғыш екі дүркін әлем чемпионы Әсет Қайыржановқа құрмет көрсетілді.
Жарыс нәтижесінде 9 жасар ұлдар арасында жаңақалалық Нұрғиса Батырханов, қыздардан тасқалалық Әдия Мұратова үздік болды. Ал 11 жасарлар арасындағы бас жүлде бөрліліктерге бұйырды.
Яғни ұлдардан Талант Болат, қыздардан Саида Тудаханова топжарды. Ал ауданның намысын қорғаған Батырхан Үмбетов (11 жас) пен Аяулым Өтесін (9 жас) күмістен, Мөлдір Батуллина (11 жас) қоладан алқа тақты.
Серік Маратұлы
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz