Таяуда Аңқаты ауылдық округіне қарасты Сатымшеген ауылына көгілдір отын келді.
Бұл – Аңқаты ауылдық округінің көгілдір отынмен қамтылған ең соңғы елді мекені. Енді Аңқаты, Қандық, Ерсары, Балық цехы және Сатымшеген ауылдары түгелімен газға қосылды.
Көгілдір отын тартуды «Alash-D.A.D» ЖШС директоры Ерлан Никешов қолға алып, жоспар бойынша 10 үйді қамту үшін жұмыстарын бастап кетті. Дәл қазіргі уақытта 5 үй газдың қызығын көріп отыр. Қалған тұрғындар биылдан қалмай көгілдір отынға қосылуға дайындықты қамдауда.
Қарымсақ Өміров, ауыл тұрғыны:
– Өмір бойы осы ауылда мал бағып, ауыл шаруашылығы техникасын айдап, қызмет қылдым. Ұрпағым осы жерден өніп-өсті. Қанша тоқырауды көрсең де, туған жеріңнен артық мекен таба алмайсың. Құдайға шүкір, қалаға қатынар жолымыз, мал жаяр жайылымымыз бар. Енді, міне, көгілдір отын келіп, қуанып жатырмыз. Осы шаруаның басы-қасында жүрген округ әкімі Асқар Қылышұлы мен басқа да азаматтарға алғысымды білдіремін. Елімізде жақсы жаңалық көп болсын! – деп алғысын білдіріп, батасын берді.
Аяулым Бақтығали,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz