24.01.2023, 9:00
Оқылды: 111

«Ringo-Milk» сүт бұлағына айналады 

Ақ Жайық өңірінде еліміздің сүт белдеуіне айналуға ұмтылыс бар. Дүниежүзіндегі ең ірі мұнай-газ конденсаты кен орны – Қарашығанаққа малданып, қол қусырып қарап отыруға болмайтынын түсінген, экономиканы әртараптандыруға бағыт ұстаған елдің тірлігі – бұл. Етті мал өсіруге қолайлы облыста сүтті сиыр ұстап, табиғи сүт өнімдерін өндірсек, еш ұтылмайтынымыз айқын.

005ff402-30d1-4dba-80ef-65a16d1efa12

Теректі ауданының Подстепный ауылдық округіндегі Юбилейный ауылында «Ringo-Milk» ЖШС сүт өндіру кешені жұмысын бастады. Осы ауылда  кәсіпкер Ибрагим Жақсымбетовтың етті мал, соның ішінде  герефорд, ангус тұқымын өсіретін шаруашылығы бар. Қазір зейнеткерлікке шыққан әке ісін ұлы Айдос жалғастыруда. Осылайша «Жас келсе, іске» демекші, жас кәсіпкер   етті малмен қатар  асыл тұқымды сүтті сиыр өсіруді қолға алды. Қос тізгінді тең ұстауға бағыт ұстанған іскер жігіт тауарлы сүт фермасы жобасына 4 миллиард теңгенің үстінде инвестиция жұмсады. Өткен жылдың қазан айынан бастап жаңа кешенге «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның жеңілдетілген несиесінің көмегімен асыл тұқымды мал басы әкеліне бастады.

– Фермамыз 640 бас аналыққа арналған. Гольштейн-фриз  тұқымды малдың 332 басы Германиядан әкелінді. Енді қалған жартысын алдағы маусым айында алдырамыз. Мұндай тұқым әлем елдеріне сүтті тұқым ретінде танылған. Қазір еуропалық сиырлар жергілікті ауа райына бейімделуде. Құнажын қашарлардың алды бұзаулай бастады. 70 шақты бұзауға тиісінше жағдай жасалуда. Қалған  қашарлар ақпан айының ортасына дейін төлдеп болады, – деді аталмыш тауарлы сүт фермасының басқарушысы Мейірман Арыстанов.

0d22604c-739c-4623-be0e-a56a57149441 (1)

...Атшаптырым ауладағы ең шеткі қорада мал тұрса, ортадағы блок – сүт сауу орталығы. Орталыққа таңғы сағат 6-да бір мезетте 40 сиыр айдап әкелініп, сауылады. Сиырды кеңес заманындағыдай қолмен күрпілдетіп саумайды,  швециялық «DeLaval» компаниясының  заманауи жабдықтарының көмегіне жүгінеді.  Ғимараттың екінші қабатына көтеріліп, сүт сауу үрдісін басқаратын орында болдық. Оператор инновациялық орталықты терезеден қарап отырып, компьютермен басқарады. «Сауыншылар малдың желінін майлықпен сүртіп, үрпісіне аппаратты кигізеді. Сүт түтіктерді бойлай ағып, танкерге құйылады. Барлық жұмыс компью-термен бақыланады, онда нөмірленген әр сиырдың салмағы, жеген жем-шөбінің шамасы, қанша сүт бергені жазулы тұрады.  Басында сиырларды  сауын орнына  кіргізу қиын болды. Бірақ мал емес пе, біртіндеп үйренді, қазір өздері шұбап келіп, орындарына тұра қалады. Сауылатын уақытта желіндері сыздайтын шығар. Бұл сиырларды  таяқпен ұруға, оларға айқайлап ұрсуға болмайды. Өйткені сүті қайтып кетеді», – деді ферма басқарушысы.  Шынында да, ферма ішінде сиырлардың күйіс қайырған дыбысы мен пысылдап демалғаны болмаса, бөгде шуды ести алмадық. Айтқандай, мал қораға кірер алдында аяққа бахил, үстімізге халат кидік. Фермада тазалыққа қатты қарайды.

Кешенде сауын және төлдейтін сиырлар бөлек тұрады. Малшылар сауылған аналықтарға құнарлы жем мен шөп араластырып береді. Оған қажетті мөлшерде дәрумендер қосылады. Зеңгі баба тұқымының ащылауына тұздар қойылған. Ұңғымадан сорғымен алынатын су жылытылып беріледі. Малдың қасынуы үшін арнайы үлкен щеткалар ілініп қойылған. Сиыр сүйкенсе болды, дөңгелектей зырылдап, денесін қасиды.  Үш-төрт аналық қасығыш құралдың қасында кезекке тұра қалыпты. «Мал иесіне тартады, сөз жүйесіне тартады» демекші, шекараның ар жағында қалған бұрынғы неміс иесінің темірдей тәртібін көргені білінеді деп күліп алдық.  Осының барлығы қашар күйінің жақсы болуына, сүтті мол беруіне әсер етеді. Малдың асты автоматты желімен тазартылады, жем-шөп трактормен салынады. Көңі арнайы орынға жиналып, көктемде егістікке тыңайтқыш ретінде пайдаланылады.

4eaf189b-3281-4ef2-a44f-a16fd68db0b1

Мейірман Үмбетқалиұлының айтуынша, асыл тұқымды қара ала сиырдың шыққан жері Голландия болса, АҚШ пен Канадада оны өнімділігі бойынша іріктеу нәтижесінде гольштейн-фриз тұқымы шығарылды. Әдетте ондай сүтті сиыр күніне үш мәрте сауылып, 70-80 литр сүт береді. Ал жергілікті сүт фермасының басшылығы бір сиырдан жылына 7 тонна сүт алуды жоспарлап отыр. «Ringo-Milk» – біздің облыс  бойынша осындай ауқымды көлемде сүт өндіретін, стандартқа сай жабдықталып салынған алғашқы ферма. «Сырт көзге сиырдың барлығы бірдей секілді көрінгенмен, бәрі  бірдей сүт бермейді.  Сүтті малдың да ауруы бар, желіні мастит болады, өнебойы бір орында дымқыл жерде тұрған соң, тұяғы осал келеді. Сондықтан фермада

4 ветеринар, екі зоотехник жұмыс істейді. Малдың кетілген тұқайын кесіп, маникюр жасап, емдейді, – деп әзілдей күлімсіреді Мейірман Үмбетқалиұлы.

Мұнда да сүтті сиырдан туған ұрғашы бұзауды алып қалып, еркегін алты айдан кейін саттыққа шығарады. Гольштейн-фриз тұқымды екі айлық бұзау қарапайым малдың алты айлық төлімен пара-пар, ірі келеді. Бұзауды туған бойда енесінен айырады. Оған күніне 8 литр сүт береді. Екі ай бойы арнайы орында жеке-жеке бөлек бағылып, содан кейін салқын жерге шығарылады. Өңкей қара ала бұзаулар бөлек орында ұсталған. Тана көздері мөлтілдей қарайтын байғұс бұзаулар енесінің жылуын іздейтіндей көрінді. Біреуіне жақындап  жылы сөз айтып едік,  қолымызды жалап, сипағанымызды тәуір көретінін байқатты. Мал екеш  мал да мейірімге шөліркейді-ау... Ойымызды ферма басқарушысы бұзды: «Ана сиырлар туғалы неміс тілін естіген соң ба, бастамада  қазақшамызға түсінбей, бағытқа жүрмей қинады. Енді малшыларға бұзауларға қазақша сөйлеңіздер, бағып-қағуларыңызға жеңіл болады деп айтудан жалықпаймын», – деп күлдіртті әзіл-шыны аралас.

Қазіргі кезде тауарлы сүт фермасындағы сиырлар күніне екі рет сауылып, әрқайсысы орташа есеппен 40 литрден, майлылығы 4-5%-дан сүт беруде. Бұдан да көп берері сөзсіз. Әзірге жаңа орынға бой үйретуде. Фермаға қалған 340 бас алдағы маусым айында әкелінбек. Алдымен әкелінген малды жергілікті ауа райына үйретіп, жерсіндіруді көздеді. Серіктестіктің малын күтіп-бағуға осы айналадағы Шаған, Барбастау, Подстепный, Юбилейный ауылдарынан  жұмысшылар тартылған.

Аталмыш серіктестіктің бес ауылдық округте (Подстепный, Покатилов, Шаған, Новопавлов, Ұзынкөл) 4,5 мың га жері бар. Оның ішіндегі суармалы жерінде алты  фрегат, су сорғы стансасы қойылған. Осы 1000 га алқапқа  жүгері, жоңышқа, арпа, қарабидай, судан шөбі өсіріледі. Әлден көктемгі-далалық жұмыстарға дайындық жүруде. «Сиырдың сүті – тілінде» деген, малды азықтандыруға, пішендеме дайындау, сүрлем салу арқылы түліктің өнім-ділігін арттыруға мән-маңыз берілген.  Аналық мал тәулік бойы емес, тек соның 10 сағатын қоректенумен өткізіп, қалған уақытта жатып демалып, сүт жинайды. Бір сиыр күніне 30 келі азықты қорек етеді.  Осының өзі малазықтық жем-шөп қорының берік болуын талап етеді. Серіктестікте қажетті техника паркі жасақталған. Алдағы 2024-2025 жылдары сүт өңдейтін шағын зауыт салу жоспарланған. Сүзбе, йогурт, сүт-қаймақ және басқа өнімдер өндірілмек.

4d314741-9c2f-4173-b7f3-33d004a979e7

Қазір ірі кешенде 50 адам жұмыс істейді. Малшылар, механизаторлардың жалақысы –150 мың, мамандардың айлығы – 300 мың теңге. Жұмысшылар жеткілікті дегенмен әлі сауыншылар жетіспейді. Өндірілген сүтті өңірдегі ірі жеке компаниялар литрін 350 теңгеден, ал «Каверин» жеке кәсіпкерлігі 300 теңгеден сатып алуда. Келешекте сауын сиыр басы өсіп жатса, баға бұдан төмендемекші. Әсілі, мал шаруашылығына озық технологиялардың енгізілуі – құптарлық іс. Ол тек еңбек адамдарының жұмысын жеңілдетіп қана қоймайды. Сонымен қатар өндірілетін өнім түрлерін молайтуға, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға көмектеседі.

Гүлбаршын Әжігереева,

zhaikpress.kz 

Суретті түсірген автор

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале