25.01.2023, 11:45
Оқылды: 84

«Шәкәрімнің өмірі – өлеңінде»

«Мен осы залға кіріп келгеннен-ақ залдың қос қапталынан ерекше бір қуат алғандай болып әрі бір рухы күшті аруақтардың арасына тап болғандай күй кештім. Қазақ сурет өнерінің жаңа бір жауһарына кезіккендеймін. Кейбір суреттерге қарап тұрып, Сәкен шыққан ұлттың туған өлкесінің қажеттілігін талай құдіретті батырларды, өнер тұлғаларын әкелген үлкен өркениет орталығы болғандығын тағы бір дәлелдеп тұрғандай сезіндім. Суреттердің әрбір сызықтары, бояуды шашып жібергендей кейбір картиналарында алуан-алуан ойлар бар», деп Сәкен ағамыздың жерлесі, суретші, журналист Ерсайын Жапақ ағамыздың адамның жүрегіне жылу беретіндей сөздерімен бастағым келіп отыр.

97EDD606-E64B-4E80-AFFE-DBEAC20FC5F5

Суретші шығармашылығында авангардтық стиль басым болғанымен, оның туындыларының арасында туған жердің әсем келбетін бейнелейтін пейзаждар мен жекелеген кейіпкерлердің портреттері жиі кездеседі.

Сәкен Ғұмаров ғұламалардың кітаптарын көп оқыған. Ол қазақтың ұлы ақындары Абай Құнанбайұлы  мен Шәкәрім Құдайбердіұлын өзіне пір тұтып оларға арнап бірнеше картиналар жазды. Абай Құнанбайұлына арналған «Дана шапағаты», «Абай шоқжұлдызы», «Шығыс нұрына бөленген Абай» туындылары бар.

Қазіргі уақытта Орал қаласының орталығында орналасқан әлемге әйгілі Сәкен Ғұмаров музей-үйінің төрінде тұрған 1989 жылы қазақ ғұламаларына арнап салынған картиналарының бірі «Шәкәрім» атты туындысына тоқталғым келіп отыр.

Шәкәрім Құдайбердіұлы ғұлама, ойшыл, ақын, ағартушы,  ұлттың жаңа әдебиетінің негізін қалаушы, аудармашы, композитор ретінде ел тарихында өшпес із қалдырғаны сөзсіз. Солардың бірі де бірігейі ақын, жазушы, философ, тарихшыкомпозитор Шәкәрім Құдайбердіұлы. Абаймен замандас әрі інісі, әрі ол негізін салған реалистік әдебиет дәстүрлерін алға апарушы ізбасары. Кезінде арнайы оқу орындарында оқып білім алмаса да, өз бетінше ізденіп және Абай ағасының жетекшілігімен жан сарайын байытқан, заманында қазақ арасындағы аса білімдар адамдардың бірі болған. Шәкәрімде араб, парсы, түрік, орыс тілдерін жетік білген. Сәкен Ғұмаровтың осы туындысында араб тілінде жазылған өлеңі берілген. Алдарыңызға қазақша нұсқасын ұсынып отырмын.

1. (Оң жақтағы жазу)

Қапы өткізбе сол кездің бір сағатын,

Өкініші қалмайды, кетсе ағатың.

Күні-түні дей көрме, ғылым ізде,

Қалсын десең артыңда адам атың.

«Қош!» өлеңінен үзінді

Жас өтті тынымсыз,

Өнерсіз, ғылымсыз,

Надандық жолымен

Кеттім-ау білімсіз.

***

(Сол жақ жазу)

Қазағым - жолдасым,

Қаламым – сырласым,

Өткен соң белгілі,

Қайта кеп тұрмасым.

Ізденіп көріңіз,

Ғылымды заман ғой.

Насихат тегін ғой,

Салулы егін ғой.

Еңбек қыл, ерінбе,

Араздық кегін қой.

Ғылым бір кенің ғой,

Ауырсаң, емің ғой.

Осы өлеңінде ақын өзінің ғибратты сөздерін бірінші кезекте жастарға арнайды. Жасөспірім замандастарын ескіден арылып, жаңамен жалғасуға үндейді. Ізгілік жолына түсудің, адамдық пен алдаудың, қулық пен сұмдықтың зиянын, білім мен ғылым үйренудің шексіз пайдасын түсіндіреді. Сол арқылы өз заманының бейнесін жасайды. Өзіңе де өзгеге де Абайды жолбасшы, ақылшы көсем етіп ұсынады. Шәкәрім Абайдың кемеңгер даналығын асқақтата бағалайды, ұлы тұлғаның биік парасатын, болашақтағы ұстаздық жасын көрегендікпен дәл зерделейді.

6182DD51-729B-4D39-B15C-EC5E3A38923D

Шәкәрімнің өзінен кейінгі жас буынға насихат айтумен ғана шектелмейтінін, ақынның сыншыл көзі қарапайым елдің жағдайына түскенін, Шәкәрім өз дәуірінің рухани болмысын, қазақ қоғамының даму дәрежесін жан-жақты түсіне білгенін Сәкен Ғұмаровтың картиналарынан байқауға болады. Сәкен де қазақ халқының болашағы үшін жаны ауырып, қанатымен су сепкен қарлығаш секілді, игілікті іс тындыруға, еліне жақсылық жасауға ұмтылған шығармаларында осы сипат айрықша айқын аңғарылады.

Сәкен Ғұмаровтың діни сауаты терең Құран Кәрімді тұпнұсқада оқығанын және арапша сауатты болғаны, яғни көне төте жазуды еркін жазғаны картиналарынан байқалады. Сонымен бірге Абай мен Шәкәрімдей  пәлсапалық ойға толы «Зипа, нәркес, назиқа және құшнұр» атты өзінің жазған шығармасы да халық назарына ұсынылып отыр.

Сәкен Ғұмаровтың әр кескіндемесіне ойлы көзбен қарамасаң оның астарын бірден ұғына алмайсың. Оның туындыларында философиялық ойлар көп ұшырасады. Суретші картиналарын сан түрлі бояумен құлпырта салғанда, бүкіл қазақ жұртының өткені мен бүгінгісі көз алдыңнан өтіп жатады.

Гүлжанат Толыбаевa,

суретші Сәкен Ғұмаров музей-үйінің экскурсоводы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале