Сырым ауданының Жосалы ауылдық округінде асыл тұқымды мал басы көбейген. 2022 жылы «Арон» шаруа қожалығы қазақтың ақбас сиырының аналығының 86 басын, герефордтың 104 басын, «Қоңыр31» шаруашылығы 22 басын әкелген. «Шаһтөре» ЖШС жайылымы да 22 бас тұқымды қашармен толыққан.
Бұл туралы округ әкімі Батырғали Иманқұлов есептік кездесуде айтты.
Округ көптен бері кенже қалған егін шаруашылығын да ширата бастапты. «ҚадырЖанҚанат» ЖШС былтыр 300 га мақсары егіп, 190 тонна өнім алған. Жосалының ең басты әрі өңір бойынша сұраныстары өндірісі – малдың шөбін шабу, жинау жұмыстары да тиянақты атқарылды. 14 850 га жерден 10 395 тонна мал азығы алынды.
Жиналыста жергілікті халықтың көтерген мәселелеріне тоқталайық. Ең әуелі, ауылдағы электр желілеріне қуат тарататын 1600 Квт трансформаторды ауыстыру қажет. А. Жұмағалиев атындағы мектептің де жылу батареяларын алмастыратын, жалпы мектепті жөндеуге жабатын уақыт болды. 31 шақырымды жолды асфальтталса деген арман-қиял бар. Биыл жолды жөндеу бойынша жобалық-сметалық құжаттар жасақтау күн тәртібіне қойылды. Әзірге, халық бар жолмен қатынай тұрады. Дегенмен, округ әкімінде олай жүре тұратын қызметтік көлік те істен шығып тұр.
Кездесуге Сырым ауданы әкімінің орынбасары Артур Шерғалиев және бірқатар мекеме басшысы қатысып, халықтың сауалдарына жауап берді.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz