14.02.2023, 10:01
Оқылды: 19

Кітап сыйлауды бір күнмен шектемейік

14 ақпан – Халықаралық кітап сыйлау күні

Адам апта сайын бір кітап оқыса, бір жылда 50 кітап оқуға болады екен. Осыншама кітапты оқыған жан өзіне соншалықты білім мен рухани азық алатыны сөзсіз. Алайда бүгінде кітап оқуға құштарлық танытып, ұмтылатындар тым сирек. Қайсыбіреулер «Кітапты қажет болса, интернеттен де оқып аламын» деп оны қолға алуға енжарлық танытады. Қайсыбіреулер кітап оқу кітапханада қызмет істейтіндерге ғана қатысты нәрсе деп біледі. Осындай ұшқары пайымдаулардың салдарынан кітаптың бағасы, бәсі түсіп кетті.

IMG_20230214_010503
-Қазір мектеп оқушылары, жоғары оқу орындарының студенттері, мемлекеттік қызметкерлер өзіне керек әдебиетті интернеттен табады. Әдеби кітаптардың электронды нұсқалары ғаламторда бар. Бірақ кітаптың жөні бөлек қой. Кітап ой-санаңды өсіреді. Жаманнан жирендіріп, жақсыға үйретеді. Бала денсаулығына да зияны жоқ. Рухани құндылықты жас жеткіншектің бойына дарытып, ойына сіңіре алсақ, ұтпасақ, ұтылмас едік. Дегенмен көпке топырақ шашуға болмайды. Студент жастар арасында кітап оқитындар көп. Жастардың арасында 14 ақпанды Кітап сыйлау күні дегенді әдетке айналдырғандар бар. Бұл күні олар поэзия күндерін өткізіп, іс-шара соңында бір-біріне кітап сыйлап жатады. Бұл күнді күнтізбедегі ғажап атаулы датаның бірі деп есептеймін. Кішкентай кезімде ауылдағы кітап дүкеніне жиі баратынмын. Онда үнемі лотерея ойнатылып, сыйлыққа кітап беретін. Апам екеуміз кітап ұтып алып, үйге жеке кітапхана етіп түзіп, жинап қоятын едік. Көрші балалармен ойын үстінде сол ұтып алған кітабым туралы айтып, мазмұнымен таныстыратын едім. Ертеректе туған күндерде өз тілегімізді жазып, кітап сыйлаушы едік, сол дәстүр қазір ұмытылды. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, үлкен қызым 3-курс студенті, балабақшадан бастап кітап оқиды. Кішкентай шағында «Туған күніңе не алып берейік?» десек, «Маған кітап алып беріңізші» деуші еді. Сол қызымның бүгінде оқымаған кітабы қалмады. Стипендия алған бойда кітап дүкенінен жоспарлаған кітабын сатып алады. Жеке кітапханасы бар, – деді бізбен әңгімесінде Х. Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының бөлім басшысы Бибігүл Жұмағазиева.

7b4c18d7-c154-496e-b28b-d87e7e0b9798
М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің кітапхана ісі мамандығының 4-курс студенті Аяжан Ахмурзина (суретте сол жақта) кітап оқу адамның тектілікке, кемел адамгершілікке, кемеңгер көрегендік пен мәдениеттілікке қол жеткізу бағытында шыңдала түсуінің кепілі деп санайды.
– Дүние жүзіндегі адамдардың бәрі де мереке, мейрамды жақсы көреді ғой. Қарап отырсақ, күнтізбеде атаулы күндер көп. Осы мерекелердің ішінде Халықаралық кітап сыйлау күні деп аталатын мереке көзіме ыстық көрінеді. Кітап – ең жақсы сыйлық. Ал Халықаралық кітап сыйлау күні досыңызға жақсы кітап тарту етсеңіз, бұл көңілге өте қонымды нәрсе. Кітап – бірегей білім бұлағы. Ол сөздік қорды толықтырады, әлемді танып, білуге құштарландырады. Ойландыратын сұрақтарыңызға жауап беретін баға жетпес ресурс. Сондықтан жақсы кітаптарды оқу керек. Адам кітапты өзі ғана оқып қоймай, айналасындағыларға оның мәні мен мағынасы жайында ой бөлісуі қажет. Оларға құндылығы мол, мазмұнға бай әдеби шығармаларды сыйға тартқан жөн, – дейді ол.
Орал қаласындағы 125 «HIGH SCHOOL» мектебінің 10-сынып оқушысы Алишер Нәсіпқали (суретте) кітапты алтын қазына, білім бұлағы, жан азығы деп біледі. Ол заман талабына сай кітаптың мазмұны мен сипаты өзгеруі мүмкін, бірақ оның адам өмірінде алар орны өзгермейді, тек кітап оқуға ынта-ықылас өшпесе екен деп ойлайды.
– «Наданмен қас болғанша, кітаппен дос бол» депті испан драматургі Мануэль Баус. Сол айтқандай, кітаппен дос болған жанның ой-өрісі кең, сөз мәдениеті жоғары, саналы, жан-жақты болып тәрбиеленеді. Кішкентай кезімнен кітапхана оқырманымын. Кітап оқығанды жақсы көремін, жаным жай тауып, демалып қаламын. Бастауыш сыныпта оқығанда англо-американдық жазушы Эрик Найттың «Лесси» романын оқып, көңілім толқып, жүрегім қобалжыды. Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» хикаятын қайта-қайта оқыдым. Кітап оқып отырғаныңда ондағы кейіпкерлермен бірге образға қалай кіргеніңді байқамай қаласың. Көркем шығармаларды жиі оқығандықтан, шығарма, эссе жазғанда қиналмаймын. Оны таза әдеби тілде жазу маған қиынға соқпайды, ойдың өзі басыма келеді, – деді жас оқырман.
Біріккен Ұлттар Ұйымы 2012 жылы бекіткен Халықаралық кітап сыйлау күнін, шыны керек, көпшілік біле бермейді. Мұндағы мақсат – кітап оқуды насихаттай отырып, балаларды әдебиетке баулу екенін біреу естісе, біреу естімеген болар. Мәселен, өркениетті елдерде кітап мерекелері жиі өткізіледі. Оған жалпы халықтың басым көпшілігі қатысып, бір-біріне кітап сыйлап жатқанын бұқаралық ақпарат құ­ралдарынан оқып та, көріп те жүрміз. Мұндай мерекені ол елдерде «Буккроссинг» деп атайды. Мұның өзі кітаптың айналыста жүруі, қолдан-қолға өтуі деген мағынаны білдіреді. Бірқатар шетелдердің кітапқұмарлары үйіндегі оқып болған кітабын жұртшылық көп жүретін мейрамхана, дәмхана, дүкендердің алдына қалдырып кетуді әдетке айналдырған. Сөйтіп, кітапқұмар өз елінде кітап оқитындардың қатарын көбейтуге үлес қосады. Бүгінгі таңда осындай қоғамдық қозғалыс мүшелерінің саны 1,5 млн адамнан асса, оған тіркелген азаматтар 13 млн кітапты қолдан-қолға өткізген.
Рас, бізде де облыстық, аудандық кітапханалардың ұйымдастыруымен Халықаралық кітап сыйлау күніне байланысты акциялар өтіп жатады. Бірақ тар шеңберде өткізіледі, басым көпшілік бұған қатыса бермейді. Мұқым жұртты кітап оқуға шақырып, кітапхананың тұрақты оқырманы қылғымыз келсе, жұртшылықтың көңілін жаппай аударатын кітап мерекесін өткізуді қолға алу керек. Есімін ел таныған көрнекті ақын-жазушылардан кенде емеспіз. Олардың туған күндерінің құрметіне жұртшылық көп жиналатын орында кең көлемді іс-шара өткізіп сонымен бір мезетте сол ақынның немесе жазушының кітабын сыйлау күнін атап өтуге болады. Бұл да кітап оқырмандарының қатарын көбейтуге септігін тигізер еді.

Нұрымбек Жапақов,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале