14.02.2023, 9:30
Оқылды: 12

Кандидаттар ұсыну аяқталды

Саяси дода – сайлау науқанының бұл жолғы дүбірі бөлектеу... Оған елдегі жаңа реформалардың да өз әсері болса керек. Ал енді аталмыш аламанға түскендердің қайсысының бағы жанып, қолына депутаттық мандат алатынын қазір ешкім де дөп басып айта алмайды.

Жалпы облыс бойынша 188 адам халық қалаулысы атануы тиіс болса, оның 30-ы облыстық, 24-і қалалық және 134-і аудандық мәслихаттардан сайланбақ. Айта кетелік, алғашқы отыздың 15-і бір мандаттық жүйемен, 15-і партиялық тізіммен сайысқа түседі. Бұл туралы өткен бейсенбіде бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысымен өткен жиында айтылды.

– Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттары сайлауына кандиттар ұсыну мерзімі аяқталды. Енді ақпанның 18-іне дейін депутаттыққа ниет білдіргендерді тіркеу жұмыстары жүргізілмек. Қазіргі қолда бар мәлімет бойынша үміткерлер саны – 620 адам. Былайша айтқанда, облыстық мәслихатқа бір мандатқа – 4,3, қалалық мәслихатқа – 4,3, аудандық мәслихатқа 3,3 кандидаттан келіп отыр. Осы ретте ең үлкен бәсекелестікке тоқталсақ, облыстық мәслихатқа 8 округте – 7, қалалық мәслихатқа 18 округте – 8, ал аудандар бойынша Теректіде бір округте – 6, Сырымда екі округте 5 адамнан тіркеліп, өз бақтарын сынауға бел буған. Олардың 464-і
ерлер болса, 143-і қыз-келіншектер. Айтпақшы, кандидаттардың ең кішісі – 2001, үлкені 1947 жылы туған, орташа жас – 29,6-ны құрайды. Жасыратыны жоқ, саясат сахнасына шығуға ниет еткен жас толқынның қатары басым, – деді облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақов.

 

Г.Капаков_2023
Сондай-ақ осы жорықта өңір бойынша алты партиядан 64 кандидат ұсынылса, жоғарыда айтқан 620-ның ішінде өзін-өзі ұсынғандар да бар. Бұл қатарда «АMАNАT» – 32 (34,4%), «Ақ жол» Қазақ-
стан демократиялық партиясы – 6 (33,3%), Қазақстан Халық партиясы – 8 (37,5%), «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы – 6 (33,3%), «Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы» – 4 (50,0%) және «Respublica» партиясы 8 (62,5%) үміткерін «бәйгеге» қосқан. Енді Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі бір орынға 14 үміткер тіркелсе, құжаттары тиісті талапқа сай келмеген екі жерлесіміз түсіністікпен кейін шегініпті.
Төрағаның айтуынша, Сайлау туралы заңға сәйкес кандидаттарды тіркеу туралы мәліметтер БАҚ-та және сайлау комиссияларының интернет-ресурсында күнілгері жарияланып, барлық жұмыс күнтізбелік жоспарға сай жүргізілген. Өз кезегінде Ғ. Қапақов журналистерді толғандырған сауалдарға да нақты жауабын беріп, депутаттыққа кандидат не сенімді өкіл ретінде тіркелген кез келген ақпарат құралы өкілінің сайлауға қатысты материалдар жариялауға құқы жоқ екенін ескертті. Әрі ол үміткерлерді тіркеу мерзімінде сайлау комиссиясына немесе басқа құқықтық құрылымдарға арыз-шағым түспегенін жеткізді.

Бауыржан Махутұлы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале