Оралдық бес дәрігер қиын жағдайда қалған Түрік еліне көмекке аттанбақ. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, бауырлас халыққа жәрдем беруге ақ халаттылар өз еркімен келісім берген. Олардың қатарында анестезиолог-реаниматолог, нейрохирург, травматолог дәрігерлер бар. Тәжірибелі мамандардың алды отыз жыл еңбек етіп, кәсіби тұрғыда шыңдалған білікті қызметкерлер. Солардың бірі – Мәлік Өтеғұлов 9 мыңнан астам науқасқа операция жасаған хирург.
– Апат болған кезде хирургтерге сұраныс артады. Өйткені зілзала кезінде бір адам бірнеше жарақат алуы мүм-кін. Қандай жағдайда да, адам денсаулығы бірінші орында болу керек. Сондықтан көмекке баруға бірден шешім қабылдадым, – дейді хирург дәрігер Мәлік Асқарұлы.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнар Әбдірахманованың айтуынша, білікті бес дәрігер хабар келген бойда атқа қонуға дайын. Олар қандас бауырларымызға тек медициналық қана емес, психологиялық бағытта көмек беруге де үлес қоспақ ниетте.
Гүлжамал Жолдығалиқызы,
zhaikpress.kz