Бөрліде аудан әкімі Еркебұлан Ихсановтың төрағалығымен көктемгі далалық жұмыстарға дайындық барысын талқылау және ауыл шаруашылығы бойынша өзгерістерді түсіндіру, туындаған сұрақтарға жауап алу мақсатында жиын өтті.
Шаруаларды толғандырған мәселелерді ортаға салған жиын ашық форматта өтіп, оған аудандық ауыл шаруашылығы кұрылымдарының басшылары, мекеме және бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдері және облыс бойынша «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалының несиелендіру бөлімінің басшысы Аян Ханат, «Қазақстан аграрлық сараптама» АҚ облыс бойынша зерттеу лабораториясының меңгерушісі Ержігіт Қоблан, «Орал ауылшаруашылық тәжірибе станциясы» ЖШС-нің суарылмайтын егіншілік және жем шөп өндіру бөлімінің меңгерушісі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Төлеген Булеков, «ҚазАгроҚаржы» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Ербол Сералин қатысты.
Алғаш боп сөз алған аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Алтынбек Бексеитов жергілікті шаруалармен тізе қоса отырып, агроөнеркәсіп саласын заман талаптарына лайықтау және өнім көлемін еселей арттыру бағытында қолға алынған біраз жұмысты сөз етті.
Ауыл шаруашылығы – біздің негізгі ресурс
Жалпы, ауданда 249 шаруа қожалығы тіркелді. Соның ішінде 168 шаруашылығы малмен, 21-сі егін егу жұмыстарымен айналасуда. Сонымен қатар 18 АӨК тіркеуде.
Өткен жылы ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 12,9 млрд. теңгені құрады. Бұл аз көрсеткіш емес. Егістік көлеміде жыл санап артып келеді. Сала басшысының сөзінше өңірдегі барлық егіс көлемі – 66 540 гектар.
Сала басшысы былтырғы жылы өндірген өнімді өткізу кезіндегі туындағын мәселелерді де айтып өтті. Осыған орай, ауданда мақсары егу көлемі азаймақ. Аудан әкімдігі, ауыл шаруашылық басқармасы биыл мұндай жағдайды болдырмау бағытында жұмыстанатын болады.
Мал баққанға бітеді
Жыл басындағы статистикалық ақпаратқа сәйкес, ауданда 23 957 бас ірі қара малы, жылқы 8532 басты, қой 23 030 басты, ешкі 2 117 басты, шошқа 305 басты және құс 43 391 басты құрап отыр. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда ірі қара малы 10 пайызға, жылқы 13,6 пайызға, қой 18,8 пайызға, ешкі 1,5 пайызға артып, керісінше құс 0,9 пайызға, шошқа 4,7 пайызға кеміп отыр.
Мақсатты межелеп, жоспар құрылды
Өткен жылмен салыстырғанда биыл, алқап көлемі ұлғайып жалпы, 67,0 мың гектар жерге (101%), егін егілуі тиіс. Оған аудан шаруаларының қауқары жетеді. Биылғы егістік жұмыстарын ұйымдастыруға шаруалар 919 тонна дәнді дақылдарының тұқымы, 254 тонна майлы дақылдарынын тұқымы және 66 тонна екпелі шөптердің тұқымы дайындалуы қажет. Мал басын көбейту бағытында жұмыстар жүйелі. Жиынды арзандатылған жанар жағармай мәселесі сөз болды. Алтынбек Климұлы 1 наурызда жанар жағармайдың нақты бағасы белгілі болатындығын айтты.
«Жер нан сұрамайды»
Ауыл шаруашылығы жерлерін мақсатты пайдаланбау бойынша тұрақты түрде жер қатынастар және ауылшаруашылық бөлімі бірлесіп шаруа қожалықтарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отырады. Ол туралы өз кезегінде сөз алған аудандық жер қатынастар бөлімінің басшысы Алтай Әлиев айтып берді. Нақты құрылған жоспармен, тиянақты жұмыстар нәтижесінде өткен жылы 11 мың гектар, 2021 жылы 8 мың гектар, 2020 жылы 9 мың гектар ауылшаруашылығы жері қайтарылды. Бұл жерлер мемлекет меншігіне қайтарылып, әрі қарай шаруа қожалықтарына беріліп отырмақ.
– Ауыл шаруашылығы жерін учаскелерін пайдаланбаған жағдайда салық кодексінің 509- бабына сәйкес жер учаскесінің базалық салық мөлшері 20 есеге ұлғайды. Яғни, бұрын шаруалар жер учаскесі «нан» сұрамайды, жата берсін деген қағидаға сүйеніп келсе, енді олай болмайтындығын айтқым келеді. Ол үшін тіпті ғарыш арқылы жерлерді департамент тексеріліп, мемлекет меншігіне қайтарылады, - деп атап өтті бөлім басшысы.
Мал басы анық көрінсе…
Ауыл шаруашылығы саласындағы аудандағы басты мәселе арнайы мамандардың жоқтығында. Бүгінде аталған салаға 9 маман жетіспейді. Бұл туралы мінберге мініп сөз алған аудандық ветеринариялық станциясының директоры Жанболат Махмудов айтып берді. Тағы бір өзекті мәселе ауылшаруашылығын бірдейлендіру жұмыстары.
Кеңес қорытындысында аудан әкімі Еркебұлан Ихсанов алдағы егіс егу жұмыстарына дайындықты күшейту, агроқұрылымдармен бірлесіп қажетті шараларды уақытылы қабылдауды тапсырды. Әрі жақынарада «КТ «Қарашығанақ» серіктестігі мүшелерімен кездесу ұйымдастыру қажеттілігін айтты.
Жиын соңында облыстан келген меймандар сөз алып, несие алудағы жаңа өзгерістер, мемлекеттік қолдаулар жөнінде ақпарат берді. Барлық туындаған сұрақтар бойынша тиісті түсінік беріліп, ұсыныстар тыңдалды.
Айым Нұрғалиева,
Бөрлі ауданы