1.03.2023, 10:45
Оқылды: 49

Бөрліде көктемгі далалық жұмыстарға дайындық барысы талқыланды

Бөрліде аудан әкімі Еркебұлан Ихсановтың төрағалығымен көктемгі далалық жұмыстарға дайындық барысын талқылау және ауыл шаруашылығы бойынша өзгерістерді түсіндіру, туындаған сұрақтарға жауап алу мақсатында жиын өтті.

A0340D38-7546-4058-B821-63BBE5FF2887

Шаруаларды толғандырған мәселелерді ортаға салған жиын ашық форматта өтіп, оған аудандық ауыл шаруашылығы кұрылымдарының басшылары, мекеме және бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдері және облыс бойынша «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалының несиелендіру бөлімінің басшысы Аян Ханат, «Қазақстан аграрлық сараптама» АҚ облыс бойынша зерттеу лабораториясының меңгерушісі Ержігіт Қоблан, «Орал ауылшаруашылық тәжірибе станциясы» ЖШС-нің суарылмайтын егіншілік және жем шөп өндіру бөлімінің меңгерушісі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Төлеген Булеков, «ҚазАгроҚаржы» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Ербол Сералин қатысты.

Алғаш боп сөз алған аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Алтынбек Бексеитов жергілікті шаруалармен тізе қоса отырып, агроөнеркәсіп саласын заман талаптарына лайықтау және өнім көлемін еселей арттыру бағытында қолға алынған біраз жұмысты сөз етті.

Ауыл шаруашылығы – біздің негізгі ресурс

Жалпы, ауданда  249 шаруа қожалығы тіркелді. Соның ішінде 168 шаруашылығы малмен, 21-сі егін егу жұмыстарымен айналасуда. Сонымен қатар 18 АӨК тіркеуде.

Өткен жылы ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 12,9 млрд. теңгені құрады. Бұл аз көрсеткіш емес. Егістік көлеміде жыл санап артып келеді. Сала басшысының сөзінше өңірдегі барлық егіс көлемі – 66 540 гектар.

6D1ED1B5-BA31-4293-B6DD-92F3F5BD3972

– Атап айтсақ, дәнді дақылдар 8,2 мың гектар немесе орындалуы 80 пайыз, майлы дақылдар 13,86 мың гектар немесе орындалуы 126 пайыз, мал азықтық дақылдар 4,2 мың гектар немесе орындалуы 100 пайызды көрсетсе, картоп  140 гектар немесе орындалуы 100 пайызды, көкөніс 139 гектар немесе орындалуы 105,3 пайызды, бақша 25 гектар немесе орындалуы 125 пайызды көрсетті.  Өткен жылы аудан бойынша 8,2 мың гектар дәнді дақылдардан 12,7 ц/га өнімділікпен 10 259 тонна өнім алынды. 13,86 мың гектар майлы дақылдардан 7 ц/га өнімділікпен 9 167 тонна өнім алынды. Картоп, көкөніс және бақша дақылдары толықтай жиналып 2 240 тонна картоп (160 ц/га), 2 288 тонна көкөніс (165 ц/га) және 437 тонна бақша (175 ц/га) өнімдері алынды. Ал, биылғы жылдың өніміне 2 990 гектар  күздік дақылдар егілді, соның ішінде күздік бидай 1 920 гектар, күздік қара бидай 1 070 гектар, - деді сала басшысы Алтынбек Климұлы.

Сала басшысы былтырғы жылы өндірген өнімді өткізу кезіндегі туындағын мәселелерді де айтып өтті. Осыған орай, ауданда мақсары егу көлемі азаймақ. Аудан әкімдігі, ауыл шаруашылық басқармасы биыл мұндай жағдайды болдырмау бағытында жұмыстанатын болады.

Мал баққанға бітеді

Жыл басындағы статистикалық ақпаратқа сәйкес, ауданда 23 957 бас ірі қара малы, жылқы 8532 басты,  қой 23 030 басты, ешкі  2 117 басты, шошқа 305 басты және құс 43 391 басты құрап отыр. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда ірі қара малы 10 пайызға, жылқы 13,6 пайызға, қой 18,8 пайызға, ешкі 1,5 пайызға артып, керісінше құс 0,9 пайызға, шошқа 4,7 пайызға кеміп отыр.

– Ауданда мал басын көбейту және мал сапасын жақсарту мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Бүгінде 665 бас – қазақтың ақбас тұқымы, 153 бас герефорд, 17 бас – абердин ангус, 35 бас – голштин, 2 бас – аулекөл тұқымды ірі қара малы бар. Аудан тауар өндірушілері есепті кезеңде «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнiмдiлiгi мен сапасын арттыруды субсидиялау» ережесі бойынша отандық асыл тұқымды ірі қара малын сатып алу, асылдандыру жұмыстарын жүргізу, бордақылау алаңына өткізілген бұқашықтардың құңын арзандату секілді бағыттарда  80,8 млн. теңге субсидия алды, - деді Алтынбек Бексеитов.

Мақсатты межелеп, жоспар құрылды

Өткен жылмен салыстырғанда биыл, алқап көлемі ұлғайып жалпы, 67,0 мың гектар жерге (101%), егін егілуі тиіс. Оған аудан шаруаларының қауқары жетеді. Биылғы егістік жұмыстарын  ұйымдастыруға шаруалар 919 тонна дәнді дақылдарының тұқымы, 254 тонна майлы дақылдарынын тұқымы  және 66 тонна екпелі шөптердің тұқымы дайындалуы  қажет.  Мал басын көбейту бағытында жұмыстар жүйелі. Жиынды арзандатылған жанар жағармай мәселесі сөз болды. Алтынбек Климұлы 1 наурызда жанар жағармайдың нақты бағасы белгілі болатындығын айтты.

– Болжам бойынша  баға былтырғы деңгеймен қалуы тиіс. Әрі кетсе 10 теңгеге дейін өсуі мүмкін. Сәуір айында бөлінген жанар жағармайды 31 маусымға дейін алуға мүмкіндігіміз бар. Ол шаруалардың жұмыстарына ыңғайсыздық тудырмауы үшін керек. Биыл облысқа 6 700 тонна көктемгі далалық жұмыстарына және 7 мың тонна шөп шабу науқанына жалпы, 13,5 мың тонна жанар жағармай бөлінсе, соның 1 мың тоннасы ауданымызға бөлінеді, - деп атап өтті.

«Жер нан сұрамайды»

Ауыл шаруашылығы жерлерін мақсатты пайдаланбау бойынша тұрақты түрде жер қатынастар және ауылшаруашылық бөлімі бірлесіп шаруа қожалықтарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отырады. Ол туралы өз кезегінде сөз алған аудандық жер қатынастар бөлімінің басшысы Алтай Әлиев айтып берді. Нақты құрылған жоспармен, тиянақты жұмыстар нәтижесінде өткен жылы 11 мың гектар, 2021 жылы 8 мың гектар, 2020 жылы 9 мың гектар ауылшаруашылығы жері қайтарылды. Бұл жерлер мемлекет меншігіне қайтарылып, әрі қарай шаруа қожалықтарына беріліп отырмақ.

– Ауыл шаруашылығы жерін учаскелерін пайдаланбаған жағдайда салық кодексінің 509- бабына сәйкес жер учаскесінің базалық салық мөлшері 20 есеге ұлғайды. Яғни, бұрын шаруалар жер учаскесі «нан» сұрамайды, жата берсін деген қағидаға сүйеніп келсе, енді олай болмайтындығын айтқым келеді. Ол үшін тіпті ғарыш арқылы жерлерді департамент тексеріліп, мемлекет меншігіне қайтарылады, - деп атап өтті бөлім басшысы.

Мал басы анық көрінсе…

Ауыл шаруашылығы саласындағы аудандағы басты мәселе арнайы мамандардың жоқтығында. Бүгінде аталған салаға 9 маман жетіспейді. Бұл туралы мінберге мініп сөз алған аудандық ветеринариялық станциясының директоры Жанболат Махмудов айтып берді. Тағы бір өзекті мәселе ауылшаруашылығын бірдейлендіру жұмыстары.

– Статистикалық мәліметке сәйкес, 23 957 ірі қара малы тіркелген, ал мал дәрігерлерінің санағы бойынша 24 168 мал бар. Яғни, 211 бас айырмашылық бар. Ұсақ малда да 1 765 басқа айырмашылық бар. Жеке тұлғаларда мал көп емес. Негізгі мал жеке қожалықтарда. Көпшілігіңіз әсіресе ұсақ малды құжаттандыруға бермейсіздер. Егер бәрін дұрыстап құжаттарына сырға салынып, ИСЖ мәліметіне түссе, біздің жұмыс көрінер еді. Мұның бәрі біздің жұмысымызға әсерін тигізіп отыр, Жылқы малын бірдейлендіру таңбалау және чиптеу әдісімен жұмыстары арқылы жүргізілуі керек. Дегенмен, бірнеше шаруа қожалық жылқыны таңбалауға келісім бермейді. Өйткені, жылқының қатысымен жол көлік оқиғалары болған жағдайда, иесі табылып қалады деп қорқады. Былтыр басты автожолдың бойындағы Қанай, Бөрлі ауылдық округтерінде бұл жұмыстар жақсы жүргізілді. Дегенмен, ветеренар маман былтыр таңбаланған жылқылар мүлде қалмағандығын, яғни таңба салынған жылқыларды иелері сойып, сатып жібергендіктерін айтып отыр. Бұл мәселені де шешу керек, - деді Жанболат Тасболатұлы.

Кеңес қорытындысында аудан әкімі Еркебұлан Ихсанов алдағы егіс егу жұмыстарына дайындықты күшейту, агроқұрылымдармен бірлесіп қажетті шараларды уақытылы қабылдауды тапсырды. Әрі жақынарада «КТ «Қарашығанақ» серіктестігі мүшелерімен кездесу ұйымдастыру қажеттілігін айтты.

– Ауданның әлеметтік-экономикалық көрсеткішінің маңызды бір бөлігі ауыл шаруашылығы болып табылады. Өткен жылы сала барлық жағынан оң көрсеткіштерге қол жеткізгенін көріп отырмыз. Яғни, ауылшаруашылық өнімінің артуы, техниканың алынуы, субсидия көлемінің артуы, егістік алқабының артық егілуі, мал санының артуы ауданда аталған саланың дұрыс деңгейде дамып келе жатқанының көрсеткіші. Дегенмен ауылшаруашылық жерлерінің пайдаланылмауы, мал басының нақтыланбауы, ветеренарлық қауіпсіздік маңызды мәселе. Сондықтан, қандайда мәселерді бірлесіп, ақылдасып шешуге шақырамын, - деді аудан басшысы.

Жиын соңында облыстан келген меймандар сөз алып, несие алудағы жаңа өзгерістер, мемлекеттік қолдаулар жөнінде ақпарат берді. Барлық туындаған сұрақтар бойынша тиісті түсінік беріліп, ұсыныстар тыңдалды.

Айым Нұрғалиева,

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале