Бүгін 1 наурыз – Алғыс айту күніне орай «Наурыздан шарапат – елден марапат» атты мерекелік іс-шара өтті. Іс-шара барысында түрлі салада аянбай тер төккен еңбек ардагерлері марапатталды.
– Алғыс айту күні – еліміздегі достықтың айғағы. Осындай шуақты шақта сіздерге бойдағы қуат-жігерді пайдалы іске жұмсап, абыройлы қызмет атқарғандарыңыз үшін алғыс айтамын! Ауа райының қолайсыздығына қарамай, ұсынысымызды құп алып, іс-шараға келгендеріңізге рахмет! Өзгеге қуаныш сыйлап, оның еңбегіне лайықты баға беруді ешқашан ұмытпауымыз керек деп ойлаймын. Мемлекетіміз гүлденіп, татулығымыз нығая берсін! Шаттыққа толы күндеріміз көп болсын! - деген Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры Бауыржан Халиолла іс-шара қонақтарын мерекемен құттықтап, оларға амандық-саулық тіледі.
Содан соң айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы Батыс Қазақстан аймағы бойынша бөлімшесінің дала реформаторы, даңқты батыр Сырым Датұлы атындағы төсбелгісін Есберген Әжібаев пен Марат Қадыровқа, Қазақстан Жазушылар Одағы БҚО филиалының ақын Жанғали Набиуллин атындағы төсбелгісін Серік Жұмағалиев, Болат Есқалиев және Назгүл Мұхамбетжанқызына табыс етті. Жанғали Набиуллин атындағы төсбелгіні иеленгендерге Қазақстан Жазушылар Одағы БҚО филиалының атынан алғыс хат қоса берілді.
Сонымен қатар Райхан Кужекешева, Күләш Ғимадиева, Эльмира Сүйеуғазиева және Баймолла Кувашевке Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының атынан, Маржан Сұлтанова, Танзилә Дәулетиярова, Төлепберген Сарманбеков және Қадыржан Нығметовке Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы БҚО филиалының төрағасы Айдар Батырхановтың атынан алғысхат табыстады. Шапағат Мәжитов пен Күлән Ілиясова «Еңбек даңқы» төсбелгісін иеленді.
Өз кезегінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Донеділ Қажымов марапат иелеріне ізгі ниет-тілегін жеткізіп, ән шырқады. Сонымен қатар Махамбет Ерниязов, Гүлсім Қадешева және Рысқаным Қазихановаға «Қадыр Мырза Әлі» қоғамдық қорының атынан алғыс хат табыс етті. Мерекелікіс-шара барысында Нұртай Насибуллин, «Інжу», «BatysStar» топтары ән шырқаса, Берік Шаймарданов күмбірлете күй тартты.
Марлен Ғилымхан