Әлеуметтік кодекс жобасы аясында Қазақстанда пилоттық режимде Отбасының цифрлық картасы іске қосылып отыр. Отбасының цифрлық картасы – бұл әртүрлі мемлекеттік органдардан алынған мәліметтерді жинақтайтын, азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатының деңгейін айқындауға және оларға кепілдік берілген мемлекеттік қолдау көрсетуге мүмкіндік беретін ақпараттық жүйе.
Отбасының цифрлық картасының жұмыс істеу алгоритмі мынадай түрде іске асырылады: үміткер жұмыссыз жастарға жұмысқа орналасу, кәсіптік оқыту, жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлемдер және жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысу мүмкіндіктері туралы SMS хабарлама жіберіледі. Үміткерге SMS хабарламада толығырақ мәлімет алу үшін enbek.kz порталы және 1414 байланыс орталығына хабарласуға болатындығы көрсетіледі.
SMS хабарлама жіберілген соң 5 күннен кейін жұмыспен қамту орталықтарының мамандары азаматтарға хабарласып жұмыспен қамтудың белсенді шаралары және жұмыспен қамту бойынша мемлекеттік қызметтер туралы әр түрлі кеңестер береді және бос жұмыс орындары бойынша жұмыстар ұсынады.
Бұл ретте Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің тарапынан, ақпараттық жүйе арқылы, отбасының цифрлық картасы шеңберінде БҚО бойынша 387 жұмыссыз жасқа SMS хабарламалар жолданып, бүгінгі таңда Орал қаласы мен аудандық халықты жұмыспен қамту орталықтарының мамандары жұмыссыз жастарға хабарласып, оларды жұмысқа орналастыру шараларын қарастыруда, деп мәлімдеді БҚО Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мамандары.
zhaikpress.kz