1 наурыз Батыс Қазақстан облысында «Су тасқыны - 2023» айлығы басталды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Ернұр Өтегенов мәлімдеді.
Департамент бастығының мәлімдеуінше, айлық аясында 4 наурыз күні Орал қаласы және аудандарда барлық мемлекеттік органдар, білім беру орындары қызметкерлері мен еріктілер, сарбаздардың да қатысуымен су тасқынына қарсы акция жүргізілді.
Акция барысында 74,2 шақырым арық, 27,5 шақырым канал тазартылған. 3,3 шақырым бөгет бекітіліп, 13,2 мың текше метр қар шығарылған.
Ал су тасқынына бейім өзендерде 1275 метр квадрат аумағында қамыс пен өсімдіктер шабылып, 1340 мұз ойығы бұрғыланған.
Су басу қауіпінің алдын алу үшін жүргізілген акцияға 5 мыңға жуық адам қатысып, 331 техника жұмылдырылған.
Сондай-ақ Ернұр Өтегенов, облыстағы 138 елді мекен, авто және темір жолдың 128 учаскесі ерекше бақылауға алынғанын атап өтті.
Бүгінгі таңда авто және темір жолдағы 614 су өткізу құбыры тазартылған.