10.03.2023, 9:30
Оқылды: 72

Әкенің қас-қабағы баланың «бас сабағы»

Орал қаласындағы дарынды балаларға арналған С. Сейфуллин атындағы №11 облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернатында әкелер форумы өтті.

IMG_1781

Мектеп оқушыларынан құрылған «Атамұра» үлгілі халық аспаптар оркестрі келген қонақтарды күймен қарсы алды. Арнайы ұйымдастырылған көрмеге «Интеллектум» факультативтік курсының, «Шахмат» және роботтық техника үйірмесіне қатысушы оқушылардың жұмыстары қойылған. Аталмыш іс-шараға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың және «Отан», «Құрмет» ордендерінің иегері, ақын Ақұштап Бақтыгереева, «Орал өңірі» газетінің бас редакторы, жазушы БауыржанҒ ұбайдуллин және мектеп оқушыларының әкелері қатысты. Іс-шараға қатысушылар, ең алдымен, оқушылар дайындаған «Баланың әке туралы пікірі» атты бейнебаянды тамашалады.

IMG_1796

Жиынның құрметті қонағы Ақұштап ақын өзінің өмір жолынан мысал келтіре отырып, «әке» деген ұғым-түсініктің қадір-қасиетіне тоқталды.
– Қайырлы күн, қадірлі әкелер! Бүгінгі тақырыптың мән-маңызы зор. Себебі халқымыз ұрпақты ежелден асқар таудай әкелерін ардақтауға тәрбиелейді. Қазақ ұлды ұлттың сүйеніші болар деп күтеді. Сондай-ақ ер баланы елдің тірегісің деп тәрбиелеген. Ал қыз баланың әкеге деген ықылас-ілтипаты ерекше болатыны анық. Менің шығармашылығыма ерекше ықпал еткен адам әкем еді. Қан майданнан жараланып оралған әкем мені ұлындай көріп өсірді. Алматыда студент боп жүрген кезімде әкеме деген сағынышымды жыр етіп жаздым. Сол өлең менің бағымды ашып, шығармашылығыма үлкен өзгеріс әкелді. Жазған өлеңім таралғаннан кейін өзім туралы «Қазақта дарынды ақын қыз өсіп келеді» деген оң бағаны да естідім.
Қазіргі кезде ер мен әйелдің құқығын тең деп қарайтындардың басым бөлігі әкелердің қоғамдағы рөлін тым төмендетіп тастағандай. Себебі бүгінде «Әкеңнен рұқсат сұра», «Әкеңді сыйла» деген сөздерді естіп жүргеніміз жоқ. Сөздің шыны осындай. Балаға әкенің отбасындағы мәртебесін әлі де анық түсіндіруіміз қажет. Әкенің қабағынан қаймықпай өскен баланың қоғамда орнын табуы екіталай. Өйткені оның орынды қаталдығы баланың қанатын қатайтады. Қажет жерінде қызғыштай қоритын да, дұрыс бағытқа бастайтын да әке. Осыны жадымыздан шығармағанымыз абзал. Толық отбасында тәрбие алып өскен ұл-қыз сыртқы ортаның айтқанына еріп жүре бермейді. Сондықтан дастарқан басында тәрбиелік мәні бар әңгіме айтылса, әкені де, ананы да құрметтейтін, адамгершілігі мол тұлға қалыптасады.

IMG_1785
Ардақты әкелер, сіздер әрқашан ірілік көрсетіңіздер. Себебі адал ұрпақ тәрбиелейтін мына сіздер! Балаларыңыз қашанда өздеріңізге қарап бой түзейді, – деді ақын.
Жиында сөз сөйлеген өңірге белгілі азаматтар отбасындағы тәрбиенің ұлт ертеңі үшін маңызы зор екенін нақтылап айтты.
– Мұхтар Әуезовтің «Отбасы өнегелі болса, Отан кемел болады» деген ел ішінде тым сирек қолданылатын керемет сөзі бар. Перзентіңіз қандай болғанын қалайсыз, ең алдымен әкенің өзі сондай адам болуы тиіс. Яғни бала тәрбиесінде әке өзі үлгі-өнеге көрсетуі шарт. Отбасы – шағын мемлекет. Осында отырған ер азаматтар – берісі отбасының, әрісі ұлы Отанның тірегісіздер. Ал шағын мемлекеттің ішкі-сыртқы саясаты дұрыс болуы үшін азаматтардыңойлау көкжиегі кең, дүниетанымы терең болғаны абзал, – деді Бауыржан Файзоллаұлы.

Мектептің 1993 жылғы түлегі Лаура Жүсіпқалиева сыныптасы Нұржан Әбдірахмановтың «Жақсылық жасауға асығайық» акциясы аясында 1 000 000 теңге қаржылай көмегін мектеп директоры Аякөз Хамзинаға табыстады.

Мектеп оқушылары Шерхан Дүйсенғалиев, Инабат Мақсот, Айасыл Сарқұл қазақ
ақындарының ата-ана туралы өлеңдерін мәнерлеп оқып, қошеметке бөленді. Одан кейін пікір алмасу мақсатында жиналған әкелерге «Бақытты сатып алуға бола ма?» деген сұрақ қойылды.

Форумда мектеп директоры Аякөз Орынбайқызы қатысқан азаматтарға ризашылығын білдіріп, мектептің қоғамдық іс-шараларына белсене араласып жүрген әкелерді алғысхатпен марапаттады. Жиын соңында қатысушылар «Әкеме» әнін бірге шырқады.

Аманжол Исламғали,
«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале