14.03.2023, 10:31
Оқылды: 32

«Атадан қалған асыл сөз»

Ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұзафар Әлімбаевтың өмірге келгеніне биыл 29 қазанда 100 жыл толады. Ол 1923 жылдың қоңыр күзінде Баянауыл өңірінің (Павлодар облысы) Маралды деген ауыл-аймағында жарық дүниеге көрінген. 2017 жылдың 26 қарашасында өмірден озған майдангер ақын соңында мол әдеби мұра қалдырды.

24ae9633-623f-41a0-928d-05921b945abd

Фото: kazgazeta.kz

Ол 1958 жылы ашылғаннан бастап республикалық «Балдырған» балалар журналының 25 жыл бас редакторы болды. Мұзафар атай балғын оқырмандарға арнап «Аспандағы әпке», «Аулақ бол жаман әдеттен», «Отанның орны – жүректе», «Қоянның құлағы неге ұзын?», «Өскеніңді ел көрсін» сияқты көптеген кітап жазды. Ол балғын оқырмандар үшін, әсіресе, өлең-тақпақ, жұмбақ-жаңылтпаш жанрында жемісті қалам тербеді.

Осыдан бірер апта бұрын Хамза Есенжанов атындағы облыстық балалар және жас-өспірімдер кітапханасында «Атадан қалған асыл сөз» атты мәнерлеп оқудан облыстық  байқау өтті. Байқауды тәжірибелі кітапханашы Гүлназ Хамзина жүргізді. Аталмыш шара аясында «Бала деп соққан бауырмал жүрек» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Мәнерлеп оқу байқауына 2-5-сынып оқушылары қатысты. Төменгі сынып оқушылары ақынның «Үлкендерден үйренейік», «Екі тақтай – бір көпір», «Балдәурен балалық» жинақтарына енген өлең-тақпақтар мен мысалдарды мәнерлеп оқудан, ал жаңылтпаштарды тез әрі ұғынықты айту бойынша сынға түсті. Ал бесінші сыныпта оқитын ұл-қыздар майдангер қаламгердің «Ана тіліне тағзым», «Ақ маңдайлым», «Сүймеген жүрек семеді», «Балдәурен» кітаптарынан ерлік пен елдік, соғыс пен бейбітшілік, перзенттік парыз туралы өлең-жырларын нәшіне келтіріп оқыды.

IMG_0998

Қазылар алқасына жазушы-журналист Бауыржан Ғұбайдуллин төрағалық етті. Ал қазылар алқасының құрамында Батыс Қазақстан индустриалдық колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы, магистр Бақтыгүл Ерғалиева және облыстық қазақ драма театры әдебиет бөлімінің меңгерушісі, театр сыншысы Әлия Шақуова болды. Байқау барысында қазылар алқасы жеткіншектердің мәнерлеп оқу деңгейіне, мысал өлеңдердің рөлге бөлініп оқылуына, нақыл сөздердің мазмұнына мән берілуіне, жаңылтпаштардың тез әрі түсінікті айтылуына баса назар аударды.

Отыздан астам оқушы бақ сынаған байқауда Орал қаласындағы Ж. Молдағалиев атындағы мектептің 2-сынып оқушысы Бекарыс Тұрарбек бас жүлдеге лайық деп танылды. Ә.Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейдің 2-сынып оқушысы Инабат Ерболат пен №42 «Ақ ниет» гимназиясының 5-сынып оқушысы Самғат Сұңғат І дәрежелі дипломмен марапатталды. Екінші дәрежелі дипломды Нұрзаман Исатаев (№6 мектеп), Даяна Орынбай (№30 мектеп), Ернұр Еркінжан (№38), Дана Қайыржан (№5 мектеп) еншіледі. Ал үшінші дәрежелі диплом Ұлдана Кәкімғалиева (№5 мектеп), Медина Ережеп (эстетикалық бағыттағы мектеп-гимназия), Темірлан Темірболат (№47 мектеп), Мергүл Жексенғали (№33 мектеп), Гүлсана Аманжол (№47 мектеп) және Анель Мұратқа (№25 мектеп) бұйырды.

Өз тілшіміз

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале