14 наурыз Көрісу айт мерекесіне орай Теректі аудандық Достық үйінде «Жаңарған күннің дидары» атты мерекелік шара өтті. Ерекше безендірілген ғимаратқа үлкен-кіші түгел жиналды. Аудан әкімі Тілек Габдушев, орынбасары Дамир Ғұмаров, ауданның құрметті азаматтары, ақ жаулықты әжелер мен мектеп оқушылары қатысты.
Қыстан аман шыққанымыз бен ел-жердің тыныштығы үшін Әлібек ақсақал Құран бағыштады. Аудан басшысы тұрғындарды мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
— Баршаңызды 14 наурыз – Көрісу айт (Амал) мерекесімен құттықтаймын. Көрісу – қазақ халқының өскелең ұрпақты ізеттілік пен мейірімділікке, ауызбіршілік пен кішіпейілділікке, татулық пен бауырмалдыққа бастайтын ерекше үрдістерінің бірі. Кішісі үлкенге амандасып, үлкені бата беретін бұл ізгі мереке үзілмейді.
Тек батыс өлкесінде тойланатын осы бір мереке жалғаса берсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Жастан жасқа аман жетейік, — деді өз сөзінде.
Облыстан арнайы келген мейман, «Дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігі БҚО филиалының мүшесі, көпбалалы ана Құрманай Салимова табақ тарту үлгісін, еттерді жіліктеп бөлу әдебін көрсетіп, түсіндірді.
Мәдениет үйі өнерпаздары әннен шашу шашып, балалар арқан тартысып, салт-дәстүр жөнінде қойылған сұрақтарға жауап беріп, тәттілер алды.
Мерекелік басқосудан соң аудан әкімі Тілек Александрұлы ардагер ақсақалдардың үйіне барды. Атап айтсақ, Михаил Костиков пен жұбайы Валентина Костикова, Сағидолла Бисенғалиұлына барып, көрісіп, қал-жағдайларын сұрап қайтты.
Балнұр Қанаева,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz