Бүгін Жаңақала жалпы орта білім беретін мектебінде ұлыстың ұлы күні – әз-Наурыз мейрамы тойланып өтті. Мерекелік іс-шараға мектеп әкімшілігі, ұстаздар және оқушылар қатысты.
Әр сынып оқушылары ұлттық тағамдар – көже, бауырсақ, ет және тағы да басқа тәттілермен үстел үстін жайнатып, мерекелік көңіл күйде жүр. Алдымен ортаға ұлттық киім киген қыз-жігіттер шығып, көңілді шараны бастап кетті. Одан соң Қыдыр ата келіп балаларға тәттілер таратып, жиналған қауымға бата берді. Мектеп директоры Бегайым Есенғалиева қазақтың төл мерекесі – Наурызға орай ұжымына, оқушыларға игі тілегін білдіріп, ұлық мерекеге орай ұйымдастырылған апталық шарада белсенділік танытқан оқушыларға алғысхат ұсынды. Әрі қарай ақ жаулықты әжелер шашу шашып, келіндер бауырсақ үлестірді. Бұрымды қыздар жиналған көрермендерге әннен шашу шашып бір серпілтсе, жігіттер жағы өнер көрсетуді жөн көріп, қол күресі, арқан тартыс ойындарын ұйымдастырды. Сондай-ақ ұлық мерекеге орай қызықты сұрақтар да қойылды. Мектептің дарынды домбырашылары Құрманғазының «Балбырауын» күйін шертіп тәнті етсе, биші қыздардың сүйемелдеуімен оқушылар «Қара жорға» биін мың бұрала биледі. Шара соңы естелік фото суретке түсумен аяқталды.
Нұргүл Елтайқызы,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz