27.03.2023, 9:45
Оқылды: 70

Қызметтік кабинетінде қой сұраған

Сырым ауданы әкімінің орынбасары Ерболат Ахметов қызметтік кабинетінде аудан тұрғыны Ернар Байдашевтің жер учаскесі актісіне қол қойып, одан жеке мақсаты үшін қой сұраған. Аудан әкімі орынбасарының тәртіптік ісі таяуда ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысындағы Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысында қаралды.

тартиптик кенес

Жиынды ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО-дағы департаментінің басшысы Мұрат Байсалов жүргізді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің аса маңызды істер бойынша тергеушісі Ерлан Құлжановтың хабарлауынша, оқиға былтыр 15 маусымда орын алған.

Аудан тұрғыны Е. Байдашев Сырым ауданы Сарыой ауылдық округінің әкімдігіне жүгініп, Қызылтал ауылына газ құбырын жеткізу үшін жер учаскесін бөлу туралы жазбаша өтініш жазған. Содан Сарыой ауылдық округінің әкімі Айбол Жакиев Ернар Байдашевке жер учаскесінің актін беру туралы Сырым аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөліміне қызметтік хат жолдайды.  Аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Артур Исқақов Байдашевке нысаналы мақсат үшін жер учаскесін таңдау актісін береді. Содан соң Байдашев актіге  қол қойдыру үшін аудандық комиссия мүшесі, Сырым ауданы әкімінің орынбасары Ерболат Ахметовке жүгінеді. Әңгімелесу барысында Ахметов аталмыш актіде Сарыой ауылдық округі әкімінің қолтаңбасы жоқ екенін ескертеді және тілдесу барысында бір қойды әкеліп тастауды талап етеді. Е. Байдашев келісіп, келесі күні қойды көлік жүргізушісінен Е. Ахметовтың үйіне беріп жібереді. Бұл дерек бойынша іс қозғалып, жауап алынғанда Е. Байдашев қойды бергенін растады. Алайда бұл жер учаскесін таңдау актісіне қол қоюмен байланысты емес екенін мәлімдеген. Тергеу амалдары Ахметовтың қойды не себепті алғанын анықтай алмаған. Қылмыс құрамының болмауына байланысты бұл дерек бойынша қылмыстық іс тоқтатылған. Алайда Сырым ауданы әкімінің орынбасары Ерболат Әжімұханбетұлының іс-әрекеттерінен  «Мемлекеттік қызмет туралы» заң мен Әдеп кодексінің бұзылғандығы, қызметін асыра пайдаланғандығы анықталды. Әдеп кеңесі барысында Е. Ахметов қателігін мойындап, қойды қарызға алғанын, бір айдан кейін оның ақшасын иесіне аударғанын жеткізді. Сонымен қоса сол күнгі жасырын тергеу амалдарының бейнежазбасы тексерілгенде, аудан әкімінің орынбасары мемлекеттік қызметшінің іскерлік әдеп пен ресми мінез-құлық қағидаларына мүлдем жараспайтын былапыт сөздерді қолданғаны анықталған.

Облыстық Әдеп жөніндегі кеңестің мүшелері Е. Ахметовтың тәртіптік ісі осымен үшінші мәрте қаралып отырғанын қаперге алып, оған «қатаң сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза қолдануға ұсыныс берді.

Айта кетейік, Ерболат Ахметовтың бұған дейінгі тәртіптік ісі қызметтік автокөлікті жеке мүддесіне пайдаланғаны үшін және қызметтік тұрғын үйдің жалдау ақысын негізсіз уақтылы төлемеуіне байланысты қаралған. Сондай-ақ кеңес отырысында облыс бойынша мемлекеттік қызметшілердің кезекті еңбек демалысын алу кезінде кей талаптардың сақталмайтындығы, яғни сауықтыру жәрдемақысы мен еңбек демалысының ақшасы уақтылы түспейтіндігі, іссапарға кетер алдында жол жүру ақысы, тұрғын үй-жайды жалдау және тәулікақы кейде төрт-алты ай кешіктіріліп түсетіндігі айтылды.

– Былтыр облыс бойынша 1948 мемлекеттік қызметші 8149 іссапарға жолданған. Олардың 53 пайызына жол жүру ақысы мен тұрғын үй-жайды  жалдау және тәулік-ақы іссапар кезінде, кей жағдайда іссапардан келгеннен кейін алты айға дейінгі аралықта төленген. Айта кетсек, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің іссапарға барған 74 мемқызметшісіне тиесілі төлемдер мерзімінде өтелмеген. Тіпті қаңтар-сәуір айларында іссапарға жіберілген 59 санэпид маманға жол шығындары маусым-шілде айында ғана төленген. Сондай-ақ Бөрлі аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің екі қызметшісіне тиесілі іссапар шығындары олар оқуға барып келген соң екі-үш айдан кейін аударылған. Мұндай жағдай Қаратөбе, Тасқала, Жаңақала, Ақжайық аудандарының жергілікті атқарушы құрылымдарында да тіркеліп отыр, – деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО департаментіне қарасты мемлекеттік қызмет саласын бақылау басқармасының бас маманы Гүлсім Дәулетова.

Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері іссапар шығындарының уақтылы төленбеуі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін тудыратынын айтып, өңірдегі мемлекеттік құрылымдарға мемқызметшілердің жыл сайынғы еңбек демалыстарына және іссапар шығындарына ақы төлеуде Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген кепілдіктер мен құқықтарды сақтап, төлем-ақыны міндетті түрде алдын ала аударуға ұсыныс жолдады.

 

Гүлсезім Бияшева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале