29.03.2023, 15:15
Оқылды: 196

Сумен жабдықтау объектілеріне қойылатын санитариялық-гигиеналық талаптар қандай?

 Батыс Қазақстан облысында «Ауыз су», «Ақ бұлақ», «Өңірлерді дамыту», «Нұрлы жол» бағдарламалары аясында елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету жүзеге асырылуда. 2002 жылдан 2023 жылғы қаңтарға дейінгі мәліметке сүйенсек, елді мекендерді сумен жабдықтау 61,3%-дан 93,2%-ға дейін, яғни 1,52 есеге өсті.

849

Фото: ntime.kz

Елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелері басымдыққа ие.

2002-2022 жылдары облыстағы елді мекендерде барлығы - 115 сумен жабдықтау объектiсi пайдалануға берiлген.

Адам денсаулығы - ауыз судың сапасына тікелей тәуелді. Осыған байланысты су объектілерінің қауіпсіздігіне санитариялық-эпидемиологиялық талаптар қойылады.

Су пайдалануына қарай екі категорияға бөлінеді:

Бірінші категорияға - орталықтандырылған немесе орталықтандырылмаған шаруашылық-ауыз су көзі ретінде пайдаланылатын су көздері жатады.

Екінші категорияға - мәдени-тұрмыстық мақсатта, рекреация ретінде, спорт үшін қолданылатын, сол сияқты елді мекендердің аумақтарындағы су көздері жатады.

Тұрғындарды сумен қамтамасыз ету жүйесінің екі түрі бар:

- орталықтандырылған жүйе – бұл, су көздерінен механикаландырып су алуды, оның сапасын жақсартуды (тазарту, зарарсыздандыру және өңдеу) немесе онсыз, суды сақтауды, ауыз су пайдаланатын орындарға беруді қарастыратын, елді мекендерді сапалы ауыз сумен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етуге арналған шаралар мен құрылғылар, құрылыстар және су құбырларының кешені.

- орталықтандырылмаған (жергілікті) жүйе – шаруашылық-ауыз сумен жабдықтау үшін жерасты суы пайдаланылады. Оларды пайдалану су жинау құрылыстарының арнайы жабдығын (ұңғымалар, шахталық және құбырлық құдықтар, бұлақтардың каптаждары) орнату арқылы жүзеге асырылады.

Орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесінің су көздерін ластанудан қорғау мақсатында, Қазақстан Республикасының санитарлық заңнамасы бойынша, сумен жабдықтайтын су көздерінің санитариялық-қорғау аймақтары үш белдеуден тұрады:

- бірінші белдеу (қатаң режимдегі) су жинау орындарын және су құбыры құрылыстарын ластанудан және бүлінуден қорғауға арналған су жинау, су құбыры құрылыстарының орналасқан жерінің аумағы кіреді;

- екінші және үшінші белдеулер (шектеулер) шаруашылық-ауыз су мақсатында сумен жабдықтау көздерінің суын микробиологиялық және химиялық ластануының алдын алуға арналған аумақтарды қамтиды.

Ауыз су эпидемиялық тұрғыдан микробиологиялық және паразитологиялық,  радиациялық жағынан қауіпсіз болуы тиіс, химиялық құрамы жағынан зиянсыз болуы керек, органолептикалық қасиеттері (түсі, исі, т.б.) жағымды болуы керек. Бұл талаптар келесі іс-шаралар кешенін орындау нәтижесінде жүзеге асырылады:

- заңнамалы гигиеналық шараларды орындау;

- су көзін таңдау;

- су көзінің санитарлық-қорғаныш аймағын ұйымдастыру;

- суды тазарту, зарарсыздандыру және өңдеудің арнайы әдістерін қолдану;

- су құбыры жүйесін санитарлық қорғау.

 

Лаура Насырова,

БҚО санитариялық-эпидемиологиялық

бақылау департаментінің бас маманы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале