29.03.2023, 15:46
Оқылды: 59

Шекара қауіпсіздігі – ел қауіпсіздігі

Бөкей ордасы ауданы әкімі Нұрлыбек Даумовтың төрағалығымен Бөкей ордасы ауданы әкімдігі жанындағы шекаралық мәселелер жөніндегі үйлестіру кеңесінің жоспардан тыс отырысы өтті.

шекара-4

Отырысқа  ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданы бойынша шекара басқармасы бастығының орынбасары, полковник Дидар Хамитов, "Орда" шекара бөлімшесінің бастығы Иманғали Дурманов, "Орда"  шекара бөлімшесі бастығының орынбасары, майор Құдайберген Бейсенов және үйлестіру кеңесінің басқа да мүшелері қатысты.

шекара

Шекарашылар мемлекеттік шекараның аудан аумағында орналасқан учаскесін күзету және қорғау бойынша 2022 жылы атқарылған шаралар туралы есеп беріп, 2023 жылға белгіленген нақты тапсырмалар мен міндеттерді таныстырды.

Ал Сайқын және Мұратсай ауылдық округтерінің әкімдері Шыңғыс Абдоллин мен Мейрамбек Ғиылманов шекара белдеуіндегі үй жануарларының бағым мәселесін көтерді. Екі округтің әкімі бір ауыздан жеке тұрғындардың малын бағымсыз жіберетінін, тіпті бақташылық қызметті үйлестіріп тұрса да, ақы төлеп, малын бақтыруға келісе бермейтіндерін айтты.

Жәнібек ауданы бойынша шекара басқармасы бастығының орынбасары, полковник Дидар Хамитов  Сайқын өткізу пунктіне электр желісін тарту, ауыз сумен қамту мәселесін көтерді.

−Шекарада іс қағаздарын толтыру компьютермен, бірегей база негізінде жүзеге асады. Электр жарығымен үздіксіз қамтамасыз ету үшін генератор қолданып отырмыз. Ол генератор үзіліссіз жұмыс жасау үшін жағармай да кешіктірілмей  жеткізіліп отыруы керек. Қажеттілік солай болғанымен, ауа райының қолайсыздығынан жағармайды дер кезінде жеткізе алмай қалатын кездеріміз де болады. Сондықтан бірінші кезекте электр желісін тартуды қолға алсаңыздар екен. Тағы бір мәселе Молодость жеңілдетілген шекара бекетінде шекарашылардың демалыс, жатын орны керек, − деді Дидар Хамитов.

"Орда" шекара бөлімшесінің бастығы Иманғали Дурманов:

−Күні кеше Оралда пәкістандық азаматтардың шекара бұзғаны анықталып жатыр. Жол түзелсе,  елдің шебінде отырған біздің ауданда да шекара бұзу фактілері  көбеймесіне кім кепіл? Жолаушы тасымалымен айналысатын таксисттерден бастап, әр тұрғынға дейін ауылда бейсауыт жүрген бөгде адамды көрсе, бейқам қарамауға шақырамын, − деп сөз алды.

Кеңес отырысын қорытындылаған аудан әкімі Нұрлыбек Даумов шекара қауіпсіздігі тек шекарашылардың жауапкершілігінде емес, әр азаматтың белсендігіне қатысты екенін айтып, шекара бұзған тұлғаларға қызмет көрсеткен таксисттердің де қылмыстық іске тартылатынын айтып, аудан тұрғындары арасында түсінік жұмыстарын жүргізуді талап етті.

Анар Артықбай,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале