Қасиетті Рамазан айының құрметіне орай Жалпақтал мешіті мен Жалпақтал Мәдениет Үйі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Қош келдің, Рамазан» атты рухани кеш өтті.
Шараға Жалпақтал мешітінің бас имамы, дінтанушы Тілепберген қажы Ахмеджанұлы, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айша Уалиоллақызы және Жалпақтал ауылдық округі әкімі Әлия Нәсіпқалиқызы қатысып, өздерінің тілектерін айтып барша жұртшылықты қасиетті Рамазан айымен құттықтады.
Рухани кешке зиялы қауым өкілдері, ақсақалдар, ауылдың үлкендері және жастары қатысты. Жалпақтал мешітінің бас имамы ұлық айдың нығметтеріне тоқталып, барша ауылдастарды сауапқа толы мүбарак айды ерекше құлшылықпен өткізуге шақырды.
Жалпақтал мешітінің бұл айда істеп жатқан ауқымды және сауапты шараларына тоқталды. Жалпақтал Мәдениет Үйінің қызметкерлері, өнер мектебі және Кенжебек Меңдәлиев ЖОББ мектебінің оқушылары қатысып, тағылымы мол, адам өрісін дамытатын, санаға ой салатын ән мен ғибратты термелер айтылып кеш мәнін кіргізе түсті.
Жалпақтал Мәдениет Үйі қызметкерлері дайындаған сахналық қойылым және бейнеороликтер көрсетіліп, жиналған жұртшылықтың толқынысын туғызды. Жалпақтал мешітінің бас имамы, дінтанушы Тілепберген қажы Ахмеджанұлы Мәдениет Үйі қызметкерлеріне алғысын айтып, жұмыстарына табыс тіледі.
Жамбыл Жұмарыстанұлы,
Казталов ауданы