Сырым ауданында аудандық мәслихаттың VIII шақырылымының бірінші сессиясы өтті.
Сырым аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Жолдыбай Батырниязов 19 наурыз күні өткен ҚР Парламентінің Мәжілісі және барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауында көп дауыс жинап, Сырым аудандық мәслихатының депутаты болып сайланған 11 азаматқа депутаттық куәліктері мен мандаттарын табыс етті.
Сырым аудандық аумақтық сайлау комиссиясының бірмандаттық Сырым аудандық мәслихат депутаттарын сайлаудың қорытындылары туралы хабарына сүйенсек, саяси науқанға 10 980 сайлаушының 75,7 пайызы қатысқан.
Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы Конституциялық заңының 9-бабы, 4 тармағына сәйкес сайлау кезінде басқа кандидаттармен салыстырғанда көп дауыс жинап, Алғабастағы №1 сайлау округі бойынша Нұрболат Жұмағазиев (57 %), Бұлан мен Аралтөбедегі №2 сайлау округі бойынша Серік Зиятов (44,5 %), Бұлдыртыдағы №3 сайлау округі бойынша Ербол Бекжанов (60,7 %), Жосалыдағы №4 сайлау округі бойынша Шынар Дүйсенгалиева (64,5 %), Жымпитыдағы №5 сайлау округі бойынша Бауыржан Ширмединұлы (59 %), Қарасу мөлтекауданы атынан №6 сайлау округі бойынша Талғат Дарғожиев (40 %), Өлеңтідегі №7 сайлау округі бойынша Батырхан Нұхиев (50,5 %), Қособадағы №8 сайлау округі бойынша Жеңіс Шапешов (53,4 пайыз), Жетікөл мен Сарой бойынша №9 сайлау округінен Айдархан Рамазанов (66,7 %), Елтай және Талдыбұлақ жағынан 10 сайлау округі бойынша Айнагүл Ойшыбаева (65,9%), ал Шолақаңқатыдағы 11 сайлау округі бойынша Жасқайрат Кенжебаев (39%) Сырым аудандық мәслихатының депутаты болып таңдалды.
Бірінші сессияда депутаттар өз арасынан Сырым аудандық мәслихатының төрағасын сайлады. Бұл лауазымға әріптестері осыған дейін хатшы қызметін атқарып, қоғамдық-саяси салада іскерлігімен танылған Шынар Дүйсенғалиеваның кандидатурасын лайық көрсе, демократиялық қағиданы негізге ала отыра азаматтық қоғамның өкілі Серік Зиятов та өзін ұсынды. Басым дауыспен Шынар Дүйсенғалиева мәслихат төрағасы болып сайланды.
Осы отырыста мәслихат жанындағы тұрақты комиссияларының құрамы бекітілді. "Amanat" партиясының Сырым аудандық филиалы өз фракциясын тіркеді.
Алғашқы сессияға Сырым ауданы әкімінің міндетін атқарушы Артур Шерғалиев қатысып, депутаттық корпустың жұмысына сәттілік тіледі.
Б. Шерім,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz