4.04.2023, 19:50
Оқылды: 58

Жалғызбасты анаға – баспана

Таяуда ғана Орал шаһарында «Өнер қырандары» театрының «Берекелі мереке - 9» атты концерті өтті.

IMG-20230404-WA0021

Театр ұжымының қасиетті Рамазан айына орай ұйымдастырған мерекелік жаңа қойылымын халық ыстық ықыласпен қабылдады. Әр әзілінде күлдіре отырып жылататын өнер иелері оралдықтарға ұмытылмас әсер қалдырды. Аталмыш театрдың мүшелері еліміздің әр өңіріндегі концерт соңында сол облыстың қамкөңіл тұрғынына баспана сыйлап, қуантуды дәстүрге айналдырған болатын.

Дәл осындай қуаныш жерлесіміз, Теректі ауылының тұрғыны Лунара Бекетоваға бұйырды.

IMG-20230404-WA0020

Екі қыз тәрбиелеп отырған 27 жастағы жалғызбасты ана ауыр дертке ұшыраған.  Отадан кейін салмағы 52 келіден 27-ге дейін түсіп, қажыған жерлесін теректіліктер қолдарынан келгенше дәрі-дәрмекке қаражат жинап, қолдаған болатын.

Дегенмен, пәтер жалдап тұратын ана үшін балапандарының жылы жерде – өз баспанасында тұрғаны маңызды болды. Өзінің жағдайы нашарлап жатқан соң, екі қызының тағдырына алаңдап, жерлестерінен көмек сұраған. Ең алғаш қолұшын созғандар қатарында Теректі аудандық мешітінің бас имамы Еркінбек Ебелекқажиев пен жұбайы Ұлжан Мұханбетиярова болған. Олар Лунараның мүшкіл халі туралы таныс-жарандарын хабардар қылып, ақша жинап, дәрі-дәрмектерін алып берген. Содан соң «Харекет» қайырымдылық қорының облысымыздағы еріктісі Демежан Меңдешовқа хабарласып, үй сатып алуға көмктесуін өтінген.

4 наурызда Лунараның жағдайына қаныққан Демежан Шынболатұлы дәл сол күні бір айға жететін азық-түлік әкеледі. Содан кейін құжаттарын жинап, шұғыл арада баспана мәселесін шешуге кіріскен.

Тура үш аптадан кейін бұл отбасына дүйім жұрттың көзінше «Харекет» қайырымдылық қорының 834-баспанасының сертификаты табысталды. Енді жерлесіміз аман-есен сауығып, қос қызғалдағымен бірге «өз үйі – өлең төсегінде» бақытты күн кешсін деп тілейміз.

 

Аягөз Айтқалиева,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале