М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің оқытушылары Кеңес Айтжанұлы Нұрғалиев пен Ағила Мұстахимқызы Нұрғалиеваны ғылыми қызметкерлер күніне орай ұйымдастырылған салтанатты шарада БҚО әкімі Нариман Төреғалиев құрмет грамотасымен марапаттады. Бұл туралы М.Өтемісов атындағы БҚУ-нің баспасөз қызметі хабарлайды.
Қос ғалым қарашаңырақта 50 жылға жуық қызмет етіп келеді. Отағасы Кеңес Айтжанұлы – психология ғылымдарының кандидаты, доцент, ағылшын тілі және психология мамандығы бойынша оқытушы. Ал, Ағила Мұстахимқызы – тарих ғылымдарының докторы, Дүниежүзі тарихы кафедрасының доценті. Бүгінгі күні ерлі-зайыпты Нұрғалиевтер ғылыми ізденістерін одан әрі арттырып, жас мамандармен жүйелі жұмыстар жүргізуде. Отбасы мен ғылымды қатар тізгіндеген ғалымдар жанұясында 2 қыз өсіріп, тәрбиеледі. Әкенің қанымен, ананың сүтімен дарыған дарын қос қызғалдақтың болашақ мамандығына да әсер еткен. Кеңес Айтжанұлы мен Ағила Мұстахимқызының кіші қыздары да ғылымға бет бұрып, қазіргі уақытта үлкен ізденіс үстінде.
zhaikpress.kz