13.04.2023, 10:46
Оқылды: 130

Қаржы гранты әділ бөлінуі тиіс

Облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің төрағалық етуімен  аппараттық  кеңес өткізіліп,  оған облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық  басқармалар мен мүдделі  мемлекеттік  ұйым басшылары, Орал қаласы және аудан әкімдері қатысты.

ff104148-fa4d-4538-9ce1-8baa27040c91

Алдымен, кеңестің күн тәртібінде көктемгі-жазғы әскерге шақыру компаниясын ұйымдастыру мәселесі қаралып, бұл жөнінде облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары Альберт Бекмұханов баяндады. Оның сөзінше, облыста 2023 жылы көктемгі шақыруда ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің әскери командаларын жас буынмен жасақтауда берілген жүктемені аудандардағы барлық қорғаныс істері жөніндегі бөлімдер мен қалалық басқарма 100 пайыз орындамаған.

Жаңақала ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімнен басқа жергілікті әскери басқару құрылымдары 20 пайыз резервтегі  қажетті санмен әскери командаларға әскерге шақырушыларды қамтамасыз  ете  алмаған.

– Облыс бойынша барлығы 148 ауылдық округ бар. Әр ауылдық округтен кем дегенде 3 немесе 4 әскер жасындағы жігітті шақыру комиссиясына қамтамасыз етсе, ауданның облысқа берілген жүктемесін қиындықсыз орындауға болады. Мәселен, Ақжайық, Бөкей ордасы, Бөрлі, Қаратөбе аудандары облыстық бақылау комиссиясының отырысына көрсетілген мерзімде әскерге шақырушылардың 15 пайызын да қамтамасыз етпеді. Мұның өзі аталған аудандарда мерзімді әскерге шақыру науқаны тиісті дәрежеде ұйымдастырылмағанын көрсетеді. Бұл жағдай қайталана берсе, биыл көктемгі мерзімдегі әскерге шақыру науқанында еліміздің қарулы күштері, басқа да әскери құрылымдардың әскери командаларын уақтылы жасақтай алмаймыз. Облыстық полиция департаментінің бірінші орынбасары, облыстық шақыру комиссиясының мүшесі, полиция полковнигі Ж. Жаншиннің төрағалығымен 20 және 29 наурызда, 5 сәуірде облыстық жергілікті полиция қызметі және қорғаныс істері жөніндегі бөлім (басқарма) бастықтарының қатысуымен әскери борышын өтеуден жалтарып жүрген азаматтарды іздестіру, табу және шақыру учаскесіне қамтамасыз ету бойынша жедел отырыстар өткізіліп, нақты тапсырмалар берілді, – деді  А. Бекмұханов.

Облыс әкімі бұл мәселе бойынша облыстық қорғаныс істері департаментіне, аудан әкімдеріне тиісті тапсырмалар жүктеді. Ол әскерден жалтарып жүрген азаматтардың не себепті мұндай әрекетке баратындығының себебін анықтауды, әскерге барудан қашқақтайтын болса, қатаң шара қолдану қажеттігін баса көрсетіп  айтты.

4b11f96b-e08a-4bc8-8b21-b4cd884a7d28

– Кеңес үкіметі кезінде жас жігіттер денсаулығы жарамай, әскерге барудан қалып қойса, «Қатарыммен бірге бара алмадым» деп ұялып, намыстанып, жылайтын еді. Қазір олай етпек түгілі, әскерден қалайда жалтарудың жолын іздейді. Тұрағы белгісіз азаматтардың қолына әскерге шақырту қағазын берудің мүмкіндігі жоқ деген уәж айтасыңдар. Олай болса, келесі жылға әскерге шақыруға қазірден бастап неге дайындалмайсыңдар? Жан-жаққа сұрау салыңдар. Ал сіздер науқан жақындағанда ғана қимылдап, шақырылушыны іздейсіңдер, мұнымен таба аласыңдар ма? Алдағы уақытта бұл мәселе бойынша аудан, қала әкімдерінен сұрайтын боламын. Ақжайық ауданында әскерге шақырылған 234 азаматтың тек 23-і әскерге жарамды болуының өзі қам жегізерлік, ойлантатын  жайт.

Мониторинг жасап, мұның себебін анықтау керек. Барлық ауданда дерлік спорттық кешендер пайдалануға берілді. Сондықтан жастарды спортқа, еңбекке баулып, патриоттық бағыттағы үгіт-насихат жұмыстары күшейтілуі тиіс. Әскерге шақыру кезіндегі шаралармен  шектеліп қалмай, бұл жұмыстар жыл бойына үздіксіз жүргізілуі қажет. Облыстық әскерге шақыру комиссияларымен жұмыс істеуді жандандыру қажет. Мекеме басшылары қарамағында жұмыс істейтіндерді әскерге жіберуге жауапты. Мұның бәрін заңмен реттеу керек. Осыған байланысты, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент, әскерден жалтарушыларға, шақыруға келмейтін азаматтарға талапты қатайту тұрғысында бізге ұсыныс дайындаңыздар, – деді Нариман  Төреғалиұлы  өз  сөзінде.

Жиында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар беру және «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту» жөніндегі ұлттық жобасы аясында 35 жасқа дейінгі азаматтардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау мақсатында микрокредиттер беру мәселесі қаралып, талқыланды. Аталған мәселе бойынша облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Исатай Мыңбаев биыл «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту» жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде 21 861 адамды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту жоспарланып, ағымдағы жылдың

1 сәуіріне 7010 адам түрлі жұмысқа тартылғанын мәлім етті. Оның айтуынша, 405 адамға жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға арналған мемлекеттік гранттар беру жоспарланып, 1 сәуірге дейін 128 адамға берілген. Гранттың негізгі бөлігі мал, құс, өсімдік шаруашылығын және кәсіпкерліктің өзге де саласын дамытуға таратылған. Биыл  21-35 жас аралығындағы азаматтардың кәсіпкерлік бастамасын қолдау мақсатында жылдық сыйақы мөлшері 2,5 пайызды құрайтын жеңілдетілген ұзақ мерзімді микрокредит беру басталған. Оның мерзімі 5 жылға дейін, мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін

7 жылға дейін. Ең жоғары мөлшері 5 млн теңге, номиналды сыйақы мөлшерлеме-сі жылына – 2,5 пайыз. Биыл 4 сәуірдегі жағдай бойынша микрокредит алуға 20 адам ниет білдіріп, құжаттарын «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ-ға тапсырған.

Кеңестің күн тәртібіндегі осы мәселеге орай Нариман Төреғалиұлы  бүгінгі таңда сол жылдары грант алғандардың өз жұмысын бастағанымен, қайтадан жұмыссыздар қатарына қосылып кетуіне жол бермеу,  грант берілген адамға қолдау көрсету, грант алған адамның сол ақшаны қалай жұмсағанына сараптама жасау қажеттігіне тоқталды.

– Мал шаруашылығына грант бөлгенде, әсіресе сүтті сиыр алатын тұрғындарға беру керек. Грант алған әрбір адамды аудан әкімдері қарап, қадағалап, бизнесі жанданып кеткенше көмектесіп отыру керек. Өйткені ол әлдеқандай қиындықтарға кездеседі де, бастаған кәсібін орта жолда тастап кетеді. Мұндай жағдайды болдырмау үшін 5 жылдың нәтижесі бойынша мониторинг жасау қажет. Бес жылда қанша адам грант алды, олардың қазіргі жағдайы қалай, қаншасы жұмыс істеп жатыр, маған соның толық сараптамасын беріңіздер. Грант алып, жұмыссыз қала берсе, оның қандай пайдасы бар, үкіметтің қаржысын қашанғы тарата береміз? Биыл 2,5 пайызбен грант алатын 35 жасқа дейінгі 250 адамның тек 25-інің құжаты дайын дейсіз. Күні ертең сәуір де аяқталады. Сонда грантты  жыл соңында таратайын деп отырсыңдар ма, сол 25 адам алу керек болса, оларға әлі берілмеген. «Аграрлық несие корпорациясы» облыстық филиалы акционерлік қоғамының директоры және комиссиямен бірге ауылдарға шығыңыздар,  жұртшылыққа, соның ішінде жастарға  мемлекет тарапынан берілетін гранттың мән-жайын түсіндіріп, тұрғындар арасында кеңінен ақпараттық жұмыстар жүргізіңіздер. Грантты тұрғындарға  дұрыс әрі әділ бөліңіздер. Бұл жұмыстың аудан әкімдеріне де тікелей қатысы бар, тезірек қолға алып, биыл мамырдың 15-іне дейін бітіріңіздер, – деді  облыс  әкімі.

Нұрымбек  Жапақов,

«Орал  өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале