14.04.2023, 12:30
Оқылды: 42

Жымпитылық «Эйнштейн» 85 жаста

Биыл ұлағатты ұстаз,  жоғары санатты педагог, «Қазақ КСР халық ағарту iсiнiң үздігі» төсбелгiсiнің иегері, Сырым ауданының Құрметті азаматы Ким Федянин 85 жасқа толды.

IMG_2390

Мерейлі мерекеге орай Мырзалиев атындағы мектепте «Алтын тұғыр – ардагер» атты кездесу кеші өтті.

Шараға Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев, орынбасары Артур Шерғалиев, білім беру бөлімінің басшысы Әділ Ахмет және Ким Федяниннің әріптестері, шәкірттері қатысты.

Төлеген Төреғалиев алтын тұғырдың, ардақты ғұмырдың иесі – Ким Николаевичті мәртебелі биігімен құттықтап, ел үшін жасаған еңбегіне алғыс білдірді. Қазақы құрметпен ақсақалға шапан жапты.

Қ. Мырзалиев мектебі ардагерлерінің шарасын барынша өрнекті, өнегелі етуге күш салған. Әр жылдардағы еңбек тынысын баяндайтын аспалы фотокөрме қонақтардың назарын еріксіз аударды.

IMG_2395

Педагогика саласындағы еңбегін Кеңес үкіметінің өзі мойындаған, КСРО  және Қазақ КСР Оқу министрлiгiнiң Құрмет грамоталарымен марапатталған Ким Федянин өзінің саналы ғұмырын шәкірттерге ғылым сырын ұғындыруға, мектеп қабырғасынан ғалымдар тәрбиелеуге арнады.

  • Менің түлектерімді кез келген жерден және әртүрлі саладан табуға болады, – дейді Ким Николаевич.

Германиялық физик – теоретик, салыстырмалылық теориясының негізін қалаушы Альберт Эйнштейн ғұмырында 300-ден астам ғылыми еңбек, тарих, ғылымдар философиясы және публицистика саласында 150 кітап жазған. Альберттей жаңалық ашып, жаһанды дүр сілкіндірмегенмен біздің жымпитылық «Эйнштейн» жас ғалымдардың зейінін ашып, талабын шыңдауда үлкен қайраткерлік атқарғаны рас.  Мәселен,  Ким ұстаздың алдын көрген Құспан Молдашев, Берік Өтеулин, Александр Граф, Юрий Соколов, Александр Беляев, Неля Шапековалар – бүгінде ғылыми дәрежесі бар ғалымдар, бірі – кандидат, ал бірі - доктор. Астана қаласы, Л.Гумилев атындағы университеттің әскери білім факультетінің кафедра меңгерушісі, генерал-майор Уәли Еламанов та – Федининнің шәкірті.

IMG_2439

Қ. Мырзалиев атындағы мектептің физика кабинетінің жұлдызды түлектері деп Нұрхат Жакиев пен Балсұлу Жәңгірованы айтуға болады. Нұрхат – Назарбаев Университеті Провост кеңсесінің Анкерлік жобасының аға ғылыми қызметкері, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Елбасы сыйлығының лауреаты, «Қазақстанның 100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы.

2004 жылы зейнеткерлікке шығып, педагогикалық қызметін аяқтады. Бірақ, табиғат заңдылығын зерттейтін ғылымның өкілі білім-білігін бұлдамай, шәкірт тәрбиелеу ісін жаңа деңгейге көтерді.

IMG_2443

2014 жылға дейін түлектерге және «Алтын белгіге» үміткерлерге репетитор ретінде қосымша әзірлік жүргізді. Федяниннің үйдегі сабақтарына қатысқан оқушылардың бәрі де грант иегері атанып жатты.

Федяниндер әулетінің ұстаздар әулетінің барлық еңбек қызметін қоссақ, 260 жылдан асады. Ким ұстаздың есімі республикалық «Қазақ жерінің ардақтылары» кітабына енген.

 

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале