18.04.2023, 10:45
Оқылды: 42

Қала бюджеті нақтыланды

Жуырда Орал қаласының бюджеті қайта нақтыланды. Яғни облыс қазынасынан бөлінген қосымша қаражат шаһарды сумен жабдықтау, инженерлік желі тарту, жол құрылысы сияқты салаларға бағытталмақ. Бұл жөнінде қалалық мәслихаттың 2-кезектен тыс сессиясында айтылды.

акша1

Облыстық бюджеттен бөлінген нысаналы қаражаттың көлемі – 2 миллиард 408 миллион теңге. Бұл қаражат жоғарыда аталған салалардан бөлек, шаһарды абаттандыруға және көпқабатты екі тұрғын үй салуға жұмсалады. Одан бөлек қалалық бюджеттен де біраз қаржы қарастырылған. Атап айтар болсақ, әлеуметтік салаға 172,3 миллион теңге, былтыр толық пайдаланылмаған трансферттерді қайтару үшін 1 миллиард 429 миллион теңге, облыстық бюджеттен тұрғын үй салуға берілген бюджеттік кредиттер бойынша борыштарды өтеуге және қызмет көрсетуге 8 миллиард 952 миллион теңге, құрылыс нысандарын жандандыруға, жобалық-сметалық құжаттамаларды дайындау және техникалық құжаттарды әзірлеуге 276 миллион теңге қарастырылады. Бұл туралы қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Альмира Төлегенова мәлімдеді. Бөлім басшысы қала тұрғындарын сумен үздіксіз қамтамасыз етуге 406,7 миллион теңге, көше шамдарын орнатуға 870,8 миллион теңге, қала аумағын абаттандыруға және көгалдандыруға 1 миллиард 890 миллион теңге бөлінгенін айтты.

Облыс орталығына қарасты кенттер мен ауылдық округтер бюджеті қосымша 1 миллиард теңгеге толығады. Оған Круглоозерныйдың «бас ауруына» айналған арықтарды тазарту, Деркөлде жаңа үлгідегі еуроконтейнерлерді орнату, Желаев көшелерін жарықтандыру жұмыстары атқарылмақ. Ал осы қосымша қаржының қомақты бөлігі, атап айтар болсақ, 700 миллион теңге Зашағандағы демалыс аймағын жайластыруға жұмсалады.

Жиында Орал қаласы әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиев бюджеттен бөлінген қаражат толықтай игерілетінін хабарлады.

– Демалыс орнын жайластыруға конкурс жарияланды. Сәуір  айының соңына қарай жеңімпаз анықталып, жұмыс басталады. Мысалы, Жәңгір хан көшесіндегі айналма жолдан шеттегі Айтқұлов көшесіне дейінгі арықтар бойында орналасқан демалыс орнында бірнеше спорт алаңы, балалар ойын алаңы салынады, – деді қала әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиев.

Сессияда депутаттар басқа да мәселелерді қозғады. Азима Ғұбашева қаладағы гараждардың жайын көтерді. Тұрғындар гараж кооперативтеріне көп шағым айтады. Ол жерлерде арақ ішу, тәртіп бұзу секілді келеңсіз көріністер көбейіп, тұрғындардың жүріп-тұруы қиындаған. Шаһар басшысы Миржан Сатқанов аталған мәселені шешу бойынша жұмыс басталғанын айтты.

– Қала ортасында, дәлірек айтсақ, №19 мектеп жанында орналасқан 100-ге жуық гараж бар. Осы күні гараждар орналасқан учаскелерді әкімдік меншігіне қайтаруға кірістік. Алдағы уақытта іс оңынан шешілсе, гараждардың орнында демалыс базаларын салуға күш саламыз. Осы істің тетігін тапсақ, тозығы жеткен гараж кооперативтерінің мәселесін толықтай шеше аламыз, – деді қала әкімі М. Сатқанов. Сондай-ақ депутаттар қаладағы спорт алаңдарының жайына қатысты сұрақ қойды. Оған қалалық спорт бөлімінің басшысы Армат Исанов жауап қатып, жарамсыз нысандарды жөндеуге назар аударатынын айтты.

Қалалық мәслихаттың 2022 жылғы 22 желтоқсандағы №22-2 «2023-2025 жылдарға арналған қалалық бюджет туралы» шешіміне енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес қала бюджеті 57 миллиард 854 миллион теңгені құрады.

Түгелбай Бисен

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале